БАҚ: Украина АҚШ-тың бейбітшілік жоспарына жауабын берді

Рустем Умеров

Украина Еуропадағы одақтастарымен бірнеше күндік талқыдан кейін АҚШ ұсынған соңғы бейбітшілік жоспар бойынша Вашингтонға өз жауабын жолдады, деп хабарлады украин және америкалық шенеуніктерге сүйенген Axio және Bloomberg агенттіктері.

Құжатты АҚШ президентінің өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерге Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рүстем Умеров тапсырды. Украиналық шенеуніктердің бірі жауапта «осының бәрін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін» пікірлер мен ұсыныстар бар екенін мәлімдеді. Ол сонымен қатар құжатта жер және Запорожье атом электр станциясы сияқты даулы мәселелерді шешуге арналған жаңа идеялар бар екенін айтып өтті.

Осы аптада сәл ертерек Украина басшысы Владимир Зеленский Bloomberg агенттігіне тараптар "жеті мәселе" бойынша әлі келісімге келе алмай жатқанын, арасында Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мен Украина шығысындағы аймақтарды басқару мәселесі барын айтқан. 11 желтоқсанда АҚШ пен Украина америкалық бейбітшілік жоспардың жекелеген пунктерін тағы талқылайды.

10 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Украина жөнінде Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Франция президенті Эммануэль Макронмен және Германия канцлері Фридрих Мерцпен сөйлескен. Кейінірек журналистерге берген сұхбатында Трамп Еуропа жетекшілерімен әңгімеде «ауыр сөздер» айтылғанын жеткізді, бірақ егжей-тегжейін айтпады. «Не болатынын көреміз. Яғни, алға жылжудан бұрын жауап күтіп отырмыз», - деп келтіреді Axios Трамптың сөзін.

Трамп сонымен бірге Еуропа жетекшілерімен қызу пікір алмасқанын және осы апта соңында оның өкілдері Зеленскиймен Еуропада кездесуге шақырылғанын айтты. Ақ үй басшысы сонымен қатар Украинада ұзақ уақыт бойы сайлау өткізілмегенін және елдің «ірі сыбайлас жемқорлыққа» тап болып отырғанын айтты деп жазды Reuters.

Ұлыбритания үкіметінің сайтындағы мәлімдемеде "бейбітшілік жоспары бойынша жұмыс қызу жүріп жатыр, алдағы күндері де жалғасады" деп жазылған.

Украинаның ұсыныстары АҚШ-қа берілетінін бұған дейін Зеленский де айтқан. Оның сөзінше, Украина, Еуропа мен АҚШ арасындағы келіссөз аясында үш құжат дайындалып жатыр, ол бейбітшілік келісімінің өзегі болмақ.

Financial Times басылымының жазуынша, Трамп «Рождествоға дейін» келісім жасалады деп үміттенеді. Ақ үй басшысының өзі нақты мерзімді атаған жоқ. CNN-нің жазуынша, еуропадағылар АҚШ әкімшілігі ақыры Украина мен ЕО-ны бейбітшілік процесін бұзды деп кінәлап, араағайындықтан және Украинаны қолдаудан мүлде бас тартады деп қауіптенеді.

Politico-ға берген сұхбатында Трамптың өзі мұндай болжам «дәл емес» деп айтқан. Ол сонымен бірге Зеленскийді АҚШ-тың бейбітшілік жоспары шарттарына тез арада келісуге шақырып, қазіргі кезде Ресейдің майданда басымдыққа ие екенін атап өткен.