Google мен Apple Орталық Азиядағы қолданушыларын кибераңду қаупі жайлы ескертті

Apple мен Google компаниялары Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды қоса алғанда, он шақты елдегі қолданушыларына мемлекеттік құрылымдар ұйымдастыруы ықтимал мақсатты хакерлік шабуыл қаупі барын ескерткен. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Apple өз өнімдерін қолданушыларға ескертуді 2 желтоқсанда жолдаған, бірақ ешқандай дерек – не зардап шеккен қолданушы саны, не кибераңду ұйымдастырғандар кім болуы мүмкін екені жайлы еш ақпарат – берген жоқ. Компания тек "150-ден астам елге" ескерту жіберілгенін айтып, қауіп ауқымын көрсеткендей болды.

Одан кейін іле-шала Google корпорациясы да мәлімдеме жариялады. Ол Intellexa консорциумы шығарған тыңшы бағдарлама нысанаға алған қолданушыларға хабарлама жіберіпті. Google мәліметінше, бұл тыңшы бағдарлама Пәкістан, Қазақстан, Ангола, Египет, Өзбекстан, Сауд Арабиясы мен Тәжікстанды қоса алғанда, түрлі елдердегі "жүздеген аккаунтқа" әсер еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қауіпсіздігі күмән тудырады". Тәжікстанда Oriz мессенджері іске қосылды

Google бұған қоса коммерциялық тыңшы бағдарламаны жасап шығарған және АҚШ санкциясына іліккен Intellexa консорциумы "шектеулерді айналып өтіп, жұмысын жалғастырып жатқанын" атап көрсетті.

Бұған дейін де осындай ескертулер тергеу жүргізуге себеп болған еді, олардың арасында Еуропа одағы аумағында шабуылға тап болған жоғары лауазымды шенеуніктер жайлы оқиғалар да бар. Көбіне ондай хабарламалар тыңшы бағдарламасын теріс мақсатқа пайдалану фактілерін әшкерелеудің алғашқы қадамдарының біріне айналады.

Intellexa – Израильдің әскери барлау қызметінің бұрынғы офицері Таль Дилиан құрған жеке компания. Оның өнімдерінің бірі – Predator – 2019 жылдан бері Android және iOS жүйелерінде жұмыс істейтін тыңшы бағдарлама. Ол жасырын түрде смартфонға толықтай: шифрланған мессенджерлерден бастап камера, микрофон және геолокацияға дейін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Predator тыңшы бағдарламасы Intellexa-мен байланысы бар заңды тұлғалардың кең желісі арқылы таратылады, олардың арасында Дубай мен Чехиядағы құрылымдар да бар.

Predator тыңшы бағдарламасы бөтен құрылғыға жасырын орнау үшін "бір рет басу" деп аталатын шабуыл қолданады, яғни ол үшін нысанаға іліккен адам смартфонына келіп түскен зиянкес сілтемені басып қалып, ашуы тиіс. Әлгі сілтеме кейін Chrome (Android-та) немесе Safari (iOS-та) браузеріне арналған эксплойтты жүктеп алып, смартфонды толық бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша тыңшы бағдарлама шифрлы мессенджерлер (Signal, WhatsApp), аудиожазбалар, электрон пошта, құрылғының қай жерде екені, скриншоттар мен камераға түскен суреттер, құрылғыда сақталған кілтсөздер, байланыс деректері мен қоңырау журналы сияқты мәліметтерді көруге, сондай-ақ құрылғы микрофонын қашықтан қосуға жол ашады, деп жазған Amnesty International ұйымы материалында.

2024 жылы АҚШ үкіметі америкалық шенеуніктер мен журналистерге жасалған шабуылдар үшін Intellexa-ға санкция енгізген.

Адам құқықтарын қорғаушылардың дерегінше, компания технологиялары бірнеше елде, соның ішінде Қазақстанда да оппозиция мен белсенділерді аңдуға қолданылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Интернеті еркін емес ел желіде сын айтқандарды қудалайды". Freedom House есебіндегі Қазақстан