Қазақстан алғаш рет батыстағы Қашағаннан Қытайға мұнай сатпақ

Каспий теңізіндегі Қашаған кен орны.

Қазақстан Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдан соң желтоқсанда Қашағаннан алынған 50 мың тонна мұнайды алғаш рет Қытайға тасымалдайды. Қашаған мұнайы Атырау-Кеңқияқ-Атасу-Алашанқай құбыры бойынша жіберіледі. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі екі дереккөзіне сілтеп хабарлады. Ақпаратты Қазақстан энергетика министрлігі де растады.

ҚЫТАЙҒА МҰНАЙ САТУДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

Министрлік "КҚК терминалындағы жағдай мұнай экспортын толық тоқтатпағанын, бірақ мұнай тасымалын қайта бөлу үшін жедел жұмыстар жасалып, Каспий теңізінің солтүстік-шығысында орналасқан Қашаған - 40 жыл бұрын ашылған ірі кен орындарының бірі. Атауы ақын Қашаған Күржіманұлының құрметіне қойылған. мұнайының белгілі бөлігін Қытайға жіберу шаралары қабылданғанын" мәлімдеді.

Ресей аумағынан өтетін КҚК арқылы әлемдік мұнайдың бір пайызы тасымалданады. Бұл құбырмен Ресей, Қазақстан және АҚШ акционерлері мұнай тасымалдайтын. 29 қарашада Украинаның сумен жүретін дрондары КҚК-ға шабуыл жасап еді.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Қытайға кететін мұнайдың 30 мың тоннасы – Қытайдың CNPC, 20 мың тоннасы Жапонияның Inpex 1605.T компаниясына тиесілі екені айтылады. CNPC мен Inpex 1605.T – Қашаған кенішін игеретін консорциум құрамындағы компаниялар.

Атырау-Кеңқияқ-Атасу-Алашанқай құбыры

Қазақстанның энергетика министрлігі Каспий құбырында мәселе туған соң мұнай жіберетін балама жолдарды белсенді түрде іздеп жатқанын хабарлаған. Қазақстан-Қытай мұнай құбыры екі бөліктен тұрады. Атырау-Кеңқияқ-Атасу-Алашанқай құбыры Қазақстанның батысынан Қытайдың Шыңжаң өлкесін жалғайды. Жылына 20 млн тонна мұнай тасымалдай алатыны айтылған. Үкіметаралық келісімдерге сәйкес, қазір бұл құбыр арқылы негізінен жыл сайын Ресейдің 10 млн тонна мұнайы Қытайға тасымалданады.

Қытайлық CNPC компаниясы игеріп отырған басқа да кеніштердегі мұнай да ішінара осы құбырмен Шыңжаңға жіберіледі. Ал CNPC Қазақстандағы "Маңғыстаумұнайгаздың" 50 пайызын, "Ақтөбемұнайгаздың" және тағы бірнеше мұнай компанияларының да иесі. Инфрақұрылымға Қазақстан мен Қытай тарабы теңдей иелік етеді.

КҚК АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қазақстанда жыл сайын 90 млн тонна шамасында мұнай өндіріледі. Оның 80 пайызы Ресей жері арқылы өтетін КҚК арқылы Еуропаға тасымалданады. 2022 жылы ақпанда соғыс басталғалы құбыр жиі-жиі "техникалық" себеппен істеп шығып қалып тұрды. Ал биыл ақпаннан бері Украинаның дрон шабуылдарынан соң мұнай айдайтын құрылғыларға зақым келіп, тасымал қиындады.

Каспий құбыр желісі.

Каспий құбырының Қара теңізде мұнай айдайтын үш құрылғысы бар. Қазір біріншісі ғана жұмыс істеп тұр. Екіншісі дрон шабуылына ұшыраған соң істен шыққан. Ал үшіншісі қараша айының ортасынан бері жөндеуде тұр. Консорциум жұмыс екі айға созылады дегенмен, жөндеу уақытын қысқартып, 11 желтоқсанда іске қосуды жоспарлап отырғаны хабарланды. Шабуылдан соң танкерлер Қара теңіздегі мұнай тиейтін аумақтан шығарылып, процесс баяулап қалған.

29 қарашадағы шабуылдан соң Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украинаға наразылық нотасын жолдады. Астана болған оқиғаны азаматтық нысанға жасалған үшінші агрессиялық акт деп атаған. Киев дрон шабуылы Қазақстан я өзге тарапқа бағытталмағанын, Ресей агрессиясына қарсы өзін-өзі қорғау әрекеті екенін мәлімдеген. КҚК-ға Ресей мен Қазақ үкіметі және Батыстың мұнай компаниялары бірлесіп иелік етеді.

АТАСУ-АЛАШАҢҚАЙ КАСПИЙ ҚҰБЫРЫНА БАЛАМА БОЛА АЛА МА?

КҚК жиі істен шығып жатқан тұста Қазақстан мұнайын Қытайға тасымалдау арқылы Ресей жеріндегі құбырға балама жол таба ала ма? Қытайға мұнай тасымалдау алда жалғаса ма әрі өзін ақтай ма? Бұл сауалдар төңірегінде Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, мұнай сарапшысы Нұрлан Жұмағұловпен сұхбаттастық.

Азаттық: Қазақстан Атасу-Алашаңқай мұнай құбыры арқылы Қытайға алғаш рет Қашағаннан 50 мың тонна мұнай жөнелтпек. Алайда жылына шетелге 60-70 миллион тонна мұнай жіберетін Қазақстан үшін мұны көп деп айтуға келмейді. Дегенмен бұл оқиғаны қалай бағалайсыз?

Мұнай сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов.

Нұрлан Жұмағұлов: КҚК құбырында қазір мұнай жіберетін бір құрылғысы ғана жұмыс істеп тұр. Бір құрылғысы жөнделіп жатыр, енді іске қосылуы керек. Осы уақытта кейбір компаниялар қосымша бағыттар іздеп жатыр. Олар – Баку-Тбилиси-Жейхан, Атырау-Самара арқылы Германияға мұнай кетіп жатқан "Достық" құбыры. Енді Атасу-Алашанқай бағытын қарастырып отыр.

Азаттық: Атасу-Алашанқаймен мұнай жіберу уақытша ма әлде алда жалғасуы мүмкін бе? Жалғасын тапса көлемі ұлғая ма?

Нұрлан Жұмағұлов: Олай болады деп ойламаймын, бұл – уақытша жағдай әрі тестік режим. Бұл тұста ескеретін бір жайт, Қытай [Қазақстан] мұнайын Brend маркалы мұнайына қарағанда 5,5 долларға арзанырақ сатып алады. Бұл – Қытайдың сатып алу бағасы. Бұл инвесторларға, мұнай өндіруші компанияларға қаншалықты тиімді оны өздері есептейді деп ойлаймын.

Азаттық: Қазақстанның Қытайға тасымалдайтын мұнайын көбейту қаншалықты тиімді? Бұрын Атасу-Алашанқай құбыры салынғанда "Қытайда Қазақстан мұнайына сұраныс көбейеді, Қазақстан Қытайға көбірек мұнай жібереді, өйткені ол жақта мұнай тапшылығы бар" деген сөздер айтылған еді. Бірақ бұл ақпарат тоқтап қалған сияқты. Қытайда сұраныс азайып қалды ма?

Нұрлан Жұмағұлов: Қытай халқының 90 пайызы шығысында, ал 10 пайызы ғана батысында тұрады. Негізінен мұнайға сұраныс сол шығыс жағында. Ол жаққа мұнай танкерлермен жеткізіледі. Ал Қытайдың батыс жағына көп мұнай керек емес.

Азаттық: КҚК істен шықса, Атасу-Алашанқай құбыры балама жол бола ала ма?

Нұрлан Жұмағұлов: Балама жол бола алмайды. Баку-Тбилиси-Жейхан да балама бола алмайды. Өйткені Атасу-Алашанқай арқылы біз тек 10 млн тоннаға дейін қосымша мұнай жөнелте аламыз. Ал КҚК 60 млн тонна мұнай экспорттауға бейімделген. Енді салыстыра беріңіз. Ал Баку-Тбилиси-Жейхан арқылы мұнайды тасымалдау үшін алдымен Атыраудан Ақтауға дейін құбыр салу керек, қазір құбыр жоқ. Одан кейін танкерлермен мұнайды Бакуге дейін жеткізу керек. Оның үстіне Бакудың Сангачал терминалы тек 2,5 млн тонна мұнай қабылдай алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ КҚК-ға шабуыл. Қазақстан енді не істей алады? Халықаралық сарапшылар пікірі