Мәдениет министрлігі ЛГБТИК+ қауым құқығын қорғау петициясын кері қайтарды

Көрнекі сурет

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі Epetition платформасында 17 қарашада жарияланған "Біз ЛГБТИК+ адамдарды шектейтін заңдарға қарсымыз" атты петицияны қабылдамайтынын мәлімдеді. ЛГБТ қауымының құқықтарын көтеріп жүрген ұйымдар министрліктің ұстанымын сынға алды.

"Парламент қабылдаған заңды қайта қарауға құқымыз жоқ"

Өз шешімін түсіндірген мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде (ӘРПК) көзделген мәселелер петиция нысаны бола алмайды деп мәлімдеген.

"Біз ЛГБТИК+ адамдарды шектейтін заңдарға қарсымыз" тақырыбындағы петиция қабылданбады. ӘРПК-нің 90-2-бабының 2-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, петицияда адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері және электрондық поштасы көрсетілуі тиіс. Петиция сипаттамасында тұрғылықты жері мен электрондық мекенжай көрсетілмеген", – деген министрліктің жауабын "Власть" басылымы келтірген.

Министрлік бұған қоса ЛГБТ жөніндегі заң жобасын парламент мәжілісі мақұлдап, сенатқа жібергенін айтқан.

"Қолданыстағы заңға сәйкес, мемлекеттік орган басшысының парламент қабылдаған заңдарды қайта қарайтын шешім қабылдауға құқы жоқ", – делінген министрлік жауабында.

ЛГБТ - лесбиан, гей, бисексуал және трансгендер сияқты сексуалдық және гендерлік азшылық өкілдерінің жалпы атауы. Кейде оларды ЛГБТИК+ деген жалпы атаумен де атайды.

"Біржақты әрі кемсітетін көзқараспен келіспейміз"

Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұл ұстанымына QUEER KZ, Feminitа және Education Community ұйымдары жария түрде реакция білдіріп, петиция ӘРПК-нің 90-2-бабында көрсетілген талаптарға толық сәйкес келеді деп мәлімдеді.

"Алайда мәдениет және ақпарат министрлігі оны өтініш берушінің тұрғылықты жері мен электрон поштасы көрсетілмеген деген формалды себеппен, сондай-ақ біздің петиция "Қазақстанның конституциялық құрылымына, тәртібі мен халқына қауіп төндіреді-мыс" деп мәлімдеп, және де үкімет парламент қабылдаған заңдарды қайта қарауға құқылы емес деген уәжбен қабылдамай тастады", – деп мәлімдеді ЛГБТ қауымдастығының құқықтарын көтеріп жүрген ұйымдар.

Белсенділер министрліктің шешімін адамдарды жыныстық бағдары мен ерекшелігіне бола кемсітетін сипаты және саяси екені айқын әрекет деп атады.

"Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ қауымдастығының мемлекеттік басқаруға қатысу құқықтарын шектеп, заңды ашық талқылауға кедергі келтірді және ЛГБТК+ ұйымдарын өз пікірін заңды түрде білдіру мүмкіндігінен айырып отыр. Біз мұндай біржақты әрі кемсітетін көзқараспен келіспейміз. Министрлік шешіміне қарсы шағым түсіріп, мемлекеттік бастамаларды талқылауда азаматтардың тең, ашық әрі заңды қатысуын қамтамасыз ету үшін күресеміз", – делінген ұйымдардың бірлескен мәлімдемесінде.

17 қарашада QUEER KZ, Feminitа және Education Community ұйымдары Epetition платформасында Қазақстанда "ЛГБТ насихатына тыйым салу" туралы заң қабылдануына қарсы петиция жариялаған еді. Петиция авторлары Қазақстан – тәуелсіз мемлекет екенін, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының шегін сыртқы саяси модельдер айқындауға тиіс емесін атап жазған.

Петиция авторларының пікірінше, аталған заң, билік оны қоғамға балаларды қорғайтын құжат ретінде көрсетуге тырысқанына қарамастан, іс жүзінде әлеуметтік алауыздықты күшейтіп, ЛГБТ қауымдастығы өкілдерін қудалауға әкеледі және Қазақстан Конституциясына қайшы келеді.

Ал мәдениет және ақпарат министрлігі құқық қорғаушылар мен белсенділер сынға алып отырған "құжатта адамдардың құқықтары шектеліп жатқан жоқ" деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құқық қорғаушылар "ЛГБТ насихатына" тыйым салатын түзетулерді қабылдамауға шақырды

Даулы жоба

Құжатты қабылдамауға шақырған құқық қорғаушылардың үндеуіне қарамастан, биыл 12 қарашада парламент мәжілісі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдаған. Бұл құжат заңға "дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттауға" тыйым салатын түзетулер енгізуді көздейді.

Депутаттар бұл заң "балаларды жағымсыз контенттен қорғау үшін қабылдағанын айтты. "Балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі жағымсыз контенттен қорғау туралы қоғамның алаңдауын ескере отырып, заң жобасына қоғамдық кеңістікте педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді" деді мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, 2024 жылы "Қазақстанда ЛГБТ-ны ашық әрі жасырын насихаттауға қарсымыз" атты петицияға 50 мың адам қол қойған, соның нәтижесінде депутаттар тобы осы түзетулерді ұсынған.

Депутаттар заң "ЛГБТ қауымдастықтарына мүше адамдарға тыйым салмайтынын" айтады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл заң жобасын сынға алып, ол адам құқықтарын бұзатынын және ЛГБТ қауымдастығы өкілдерін жазалау мен қудалауға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Даулы жобаны 4 желтоқсанда сенат қарауға тиіс еді. Алайда сол күні сенат отырысының күн тәртібінен "ЛГБТ насихатына тыйым салу" нормалары бар түзетулерді талқылау алынып тасталғаны белгілі болды. BES.media басылымының жазуынша, жаңартылған күн тәртібінде тек екі мәселе қалған: "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекске өзгерістер енгізу және әкімшілік әділет пен заң көмегі мәселелері бойынша жекелеген заң актілеріне түзетулер енгізу. Кейінірек қоғамда дау тудырған заң жобасы парламент сенатында 18 желтоқсанда қаралатыны белгілі болды.

3 желтоқсанда сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов пен бірнеше депутат Еуропа одағының Қазақстандағы елшісі Алешка Симкичпен кездескен. Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, тараптар саяси диалогтан бастап экономикалық ынтымақтастық пен аймақтағы жағдайға дейінгі кең ауқымды мәселелерді талқылаған. БАҚ-тың жазуынша, кездесу кезінде елші Алешка Симкич ЛГБТ туралы заң жобасына байланысты алаңдаушылық білдірген. 4 желтоқсанда Астанаға Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта сапармен келді. Осы сапар қарсаңында Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы уәкілі Эдуардс Стипрайс ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанда талқыланып жатқан "ЛГБТ насихатына тыйым салу" туралы заң жобасы "бірқатар сұрақ туындатады" деген еді.

Осы даулы норма талқыланып жатқан шақта елде ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғауға арналған жиындарды өткізбеу, өкілдерін ұстау мен қудалау жиілегені жайлы хабар тарады. Осыған дейін Feminita қозғалысының белсендісі Жанар Секербаева Алматыдағы KIMEP университеті жанындағы TEDx шарасының спикерлері қатарынан алынып тасталғаны белгілі болған. Соның алдында белсендіні Астанада полиция ұстап, кейін босатқан. Оған дейін Астанада "ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы" түзетулер талқылануы тиіс болған жиын офлайн өтпей қалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қорғау ма, қорқыту ма? Қазақстан депутаттары "ЛГБТ пропагандасын тыятын" норманы тағы ұсынды