Қорғансыздар. Орталық Азияда мүгедектігі бар әйелді зорлау неліктен жабық тақырыпқа айналған?

Дамуы ерекше жасөспірім қызды бірге туған екі ағасы көп жыл бойы зорлап келген. Арбаға таңылған әйелге жолда таксист тиіскен. Жүйкесінде кінәрат бар науқастарға арналған емханада жатқан екі әйелді мекеме қызметкерлері айлап зорлаған. Сал ауруына шалдыққан қыз сүйіктісінен бала көтеріп, ана болуды армандағанымен, дәрігерлер анасының айтуымен мәжбүрлеп түсік жасатқан.

Мұның бәрі мүгедектігі бар қыздар мен әйелдерді зорлау әлі күнге дейін көп көзінен тасада, жабық тақырып күйінде қалған Орталық Азия елдерінде болған жайттар.

Құқық қорғаушылар осы проблеманың шынайы ауқымын бағалау әлі күнге шейін іс жүзінде мүмкін емесін айтады. Бұған ресми деректер жоқтығы ғана емес, оған қоса жәбірленушілердің көбі көмек сұрамайтындығы да себеп болып отыр. Өйткені мемлекеттік мекемелерге жүгінудің қиындығы, құқығын қорғап, әділетке қол жеткізетініне сенім жоқтығы, жария болып кетуден қорқу мен мүгедектігі бар әйелдің "қабілетсіздігі" жайлы баяғыдан қалыптасқан стереотип көзқарас та бұған әсер етеді.

Әлемдегі әйелдер мен қыз балалардың құқығын қорғаумен айналысатын Equality Now құқық қорғау ұйымы 8 желтоқсанда "Әділдік іздеу: қылмыстық құқық жүйесі және Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстандағы жыныстық зорлық істеріндегі мүгедектігі бар әйелдер" атты жаңа баяндамасын көпшілікке таныстырды. Құжатта мұндай істердің сотқа неліктен өте сирек жететініне және жәбір көрген әр әйелдің жолында – полиция учаскесінен бастап сотқа дейінгі аралықта қандай кедергілер тұрғанына жан-жақты талдау жасалған.

"Қасыма жатып, денемді сипап, сүймек болып өңмеңдейтін"

Баяндамада Қазақстанда тұрып жатқан, бірінші топ мүгедектігі бар, арбаға таңылғанына бірнеше жыл болған 55 жастағы Гүлмираның (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді) хикаясы жазылған.

Азаттық Азия сөйлескен Гүлмира өз басынан өткен жайтты айтып берді. Дерт салдарынан Гүлмираның бұлшықеті күн өткен сайын әлсіреп бара жатқандықтан, оған қарапайым қимыл-қозғалыстың өзі оңайға түспейді.

Гүлмира 2024 жылы көмекші әйел отбасы жағдайына байланысты кеткеннен кейін, күтуші жалдайтын агенттікке хабарласқанын, агенттік директоры күтуші болуға кандидат бірнеше адамды ертіп, үйіне келгенін айтты. "Алайда олар бойы кішкентай, нәзік әйелдер екен, ал мені арбаға көтеріп отырғызып, одан қайта көтеріп түсіру үшін білегі күшті адам керек", – дейді Гүлмира.

Сол кезде агенттік директоры оған күтуші ретінде "жеті жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар" ер адамды ұсынған. Ол ертіп келген Артур есімді жігіт Гүлмираға байсалды адам болып көрініпті. Артур "міндетін мүлтіксіз орындауға" уәде берген.

Сол кезде онымен келісімшарт жасауды талап етпегенім үлкен қателік болды, дейді Гүлмира. "Директор келісімшарт қағазын алмаппын, жұмысқа кірісе беріңіздер, жақын күндері әкеп беремін, сол кезде қол қоямыз деген еді", – деп еске алады Гүлмира. Алайда келісімшарт сол күйі жасалмай қалды және бұл кейін әлгі күтушіні жауапкершілікке тарту мүмкіндігін шектеді дейді Гүлмира.

Әуелгіде бәрі қауіпсіз сияқты болып көрінді, деп еске алды ол. Алғашқы бір-екі күн Артур өзін байсалды ұстап, міндетін ұқыпты орындап жүрген. Бірақ көп өтпей-ақ оның мінезі өзгеріп шыға келген – алдымен ол артық қимылдар жасай бастаған, Гүлмираның басынан сипап, біртіндеп еркінсіп, оның денесінің әр жеріне қол жүгіртіп, жақындасайық деп емеурін білдірген.

"Онысы маған ұнамады, ескерту айттым, ол кешірім сұрады, бірақ әлгіндей қылығын қоймады. Қасыма жатып, денемді сипап, сүймек болып өңмеңдейтін, қатты ұнап қалдың деп айтатын", – дейді әйел.

Күтуші жігіт уақыт өткен сайын Гүлмираның алаңдаушылығын күшейткен өзге қылықтар таныта бастаған. Әйелдің сөзінше, бірнеше рет түнде ұйқыдан оянған кезде төсегінің қасында тұрған Артурды көрген. "Ол маған төне қарап тұр екен. Агенттік директорына үйге ескертпей келіңізші деп бірнеше рет айттым, бірақ ол уәде еткенімен бірде бір рет келген жоқ", – дейді күтуші жалдаған әйел.

Оның айтуынша, Артур әйелге ерсі емеуріндер таныту мен жеке басының шекарасын бұзу әрекеттерінен ашық психологиялық қысым жасауға көшкен. "Ол айғайлап, ақымақсың деп тілдеді, – дейді Гүлмира. – Ал мен болсам оған тәуелді болғандықтан үндемей құтылуға тырысатынмын".

Оныншы күні болған оқыс оқиғаның салдарынан әйел төсектен тұра алмайтын халге түскен. Гүлмираның сөзінше, күтуші оны орнынан көтеріп, басқа жерге отырғызар кезде "тамағым суып қалатын болды" деп асығып, Гүлмираны қолынан жерге түсіріп алған, ал өзі әйелдің үстіне құлаған. Гүлмира жерге оңбай құлағанын, белін ауыртып алғанын, сүйегіне зақым келіп, екі аяғы да көгеріп қалғанын айтты.

Ол өзін Артур көтеріп, арбаға отырғызғанын, бірақ жедел жәрдем шақырудан үзілді-кесілді бас тартқанын еске алды. "Ұрсып, айғайлады, аузыңды жап, жасыңды ағызба деп жекіді", – дейді Гүлмира.

Тек арада бірнеше сағат өткенде әлеуметтік қызметкердің көмегімен дәрігерлер бригадасын шақыртқан.

Ауруханада Гүлмираға гипс таңып берген соң, әйелді үйіне қайтарған. "Өйткені бірінші топтағы мүгедектігім бар, мені күтіп, қарауға кім құмар дейсің!", – деді ол.

Әлеуметтік қызметкер қоңырау шалғаннан кейін агенттік директоры келіп, дәрігерлермен сөйлескен. "Дәрігерлер медициналық картаға менің жай ғана етім көгеріп қалған деп жазды" дейді Гүлмира.

Ол қатты құлағаннан кейін бірнеше күн өткенде адвокат жалдап, прокуратураға жүгінген, арызында жарақат алғанына күтуші жігіт кінәлі екенін жазған. Бірақ күтушімен ресми келісімшарт жасалмағаны жағдайды күрделендіріп жіберген.

"Күтуші маған қырындап, мазамды алғанын тергеушіге айтқанымда ол: "Енді, ол зорлаған жоқ қой" деп жауап қатты. Ал мен ештеңені дәлелдей алмадым, – дейді әйел. – Оның мені қорқытып-үркіткенін, қырындағанын жазып алмағаныма өкінемін: қолыма телефон алсам болды, күтушім жетіп келіп айғайлап, гаджетті тартып алатын".

Гүлмираның айтуынша, кейін агенттік директоры оған Артур "біздің штаттағы қызметкер емес" деп мәлімдеген, сол себепті ол жауапкершіліктен сытылып кетті дейді мүгедектігі бар әйел.

Қатты құлағаннан кейін оның негізгі дерті тез асқына бастаған. "Төсек тартып жатып қалғаныма бір жылдан асты, дәрігерлер құлағанға дейінгі қалпыма келмейтінімді айтады. Бұрын арбаға отырып көшеге шыға алатын едім, ал қазір тіпті үй ішінде қозғалуға шамам жоқ", – деп шағынды Гүлмира.

"Жыныстық қысым жасау үйреншікті нәрсеге айналып барады"

Нұржамал Иминова

Алматыдағы "Шырақ" мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының өкілі Нұржамал Иминова Қазақстанда мүгедектігі бар әйелдер жыныстық қысымға жиі тап болатынын айтады.

"Мысалы, инватакси (мүгедектігі бар адамдарға арналған такси қызметі – ред.) келеді де, жүргізуші арбамен жүретін әйелге көлікке отырып-түсуіне көмектескен кезде, ебедейсіз қимылдағандай кейіппен оның омырау тұсына немесе жамбасына қол жүгіртеді. Жолда келе жатып сексистік мазмұндағы қалжың айтуы мүмкін. Осылайша жыныстық қысым жасау үйреншікті нәрсеге айналады. Ал бұған кім жауап береді? Ешкім де!", – дейді Иминова.

Ресми статистикада мүгедектігі бар жәбірленушілер жайлы жеке деректер жоқтың қасы. Егер ондай мәліметтер болғанда, мәселенің нақты ауқымын көруге мүмкіндік туар еді, дейді Нұржамал. Ол биыл Қырғызстанда жәбірленушілерге арналған сауалнамаға мүгедектігі бар-жоғы туралы жеке сұрақ енгізілгенін мысалға келтірді.

"Оларда әзірге зорлық түрлері бойынша жіктелмеген, бірақ осындай тармаққа белгі қою мүмкіндігі пайда болды. Бізде ол да жоқ қой", – деді ол.

Equality Now ұйымының заң мәселесі жөніндегі кеңесшісі әрі "Әділдік іздеу: Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстандағы жыныстық зорлық істеріндегі мүгедектігі бар әйелдер және қылмыстық құқық жүйесі" атты баяндама авторларының бірі Дарьяна Грязнова зерттеу қорытындысы үш елде де мүгедектігі бар әйелдердің істері бұл жағдай расымен "көзге түспейтін" құбылысқа айналып отырғанын көрсеткенін айтты.

"Бұл елдердің ресми статистикасындағы деректер жыныс, гендер және мүгедектік бойынша кешенді түрде әрі ашық жіктелмеген. Соның салдарынан мүгедектігі бар әйелдер ұлттық деректер жинау жүйелерінде мүлде жоқ болып көрінеді", – деді ол.

Баяндамада 2025 жылғы наурыз айында Қырғызстанның жеті өңірінде "Равенство" үкіметтік емес ұйымы жүргізген сауалнама қорытындысы келтірілген. Мүгедектігі бар 150 әйелдің 93% (140 әйел) кемінде зорлық-зомбылықтың бір түріне тап болғанын, соның ішінде 27% зорлауға ұшырағанын айтқан.

Грязнованың сөзінше, аймақтағы үш мемлекеттің бәрі "Әйелді кемсітудің барлық түрін жою туралы" конвенцияны және "Мүгедектер құқықтары туралы" конвенцияны бекіткенімен, мойнына алған міндеттемелерін әлі күнге орындай алмай отыр. Соның салдарынан мүгедектігі бар әйелдер жыныстық қысыммен бетпе-бет келгенде қорғансыздың күйін кешеді.

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, елде 743,7 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың шамамен жартысы – нақтырақ айтқанда 44 пайызы – әйел.

Иминованың бақылауы бойынша, мүгедектігі бар әйелге жасалатын зорлық-зомбылық түрлерінің бәрі – физикалық, жыныстық, экономикалық және психологиялық қысым – көбіне жасырын сипатқа ие. "Арбаны бір метр алысырақ жылжытса – әйел оған қол жеткізе алмайды, соның салдарынан ол өзі әжетханаға бара алмайды, ауқаттана алмайды немесе үйден шыға алмайды. Бұл зорлық па? Әрине. Бірақ ол мұны басқа біреуге сирек айтады, әсіресе туысына немесе көмекшісіне тәуелді болса", – дейді белсенді.

Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2023 жылы елде 217 222 адам мүгедектігіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы алған, соның 103 411-і – әйел.

"Көбіне барлық нәрсе психологиялық қысымнан басталады", – дейді Иминова. Әйелге "масыл" болып отырғанын, оған қарайласу – біреудің жасаған жақсылығының арқасы екенін айтып, санасына біртіндеп сіңіре береді. Осындай жағдайда жасалған кез келген физикалық немесе жыныстық зорлықты құдды оның өзі сондайға "лайық" сияқты етіп көрсетеді.

Иминованың сөзінше, жыныстық зорлық жасауға баратындар көбіне мүгедектігі бар әйелдің туыстарынан немесе маңайындағы адамдардан шығады. Интернаттар мен өзге де жабық мекемелерде ондай оқиғалар одан да жиі болады – тек өте сирек жария етіледі, көбіне "жабулы қазан" күйінде қалады.

Баяндамада былтыр Түркістан өңірлік психикалық денсаулық орталығында болған оқиға да айтылған: орталықта ем алып жатқан 17 жастағы Әсем мен 22 жастағы Гүлімді мекемеде санитар болып жұмыс істейтін екі ер адам бірнеше мәрте зорлаған, кейде оларды бейнебақылау камерасы жоқ бөлмелерге мәжбүрлеп алып кетіп, сол жерде әлімжеттік жасаған. Бала көтеріп қалған Әсем, медициналық көрсеткіштерге байланысты, түсік жасатуға мәжбүр болған. Биыл жазда сот әлгі санитарларға үкім шығарып, әрқайсына 15 жыл түрме жазасын кесті. Мұндай жабық мекемелерде көбіне тәуелсіз мониторинг жоқтың қасы және ер қызметкерлер науқас әйелдерге кез келген сәтте жолай алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Адамдардың жүрегіне жеткізер пандус керек". Арбамен қозғалатын жігіттің арманы

"Олар үйден де шыға алмайды"

Өзбекстандағы "Опа-сингиллар" денсаулық мүмкіндігі шектеулі әйелдер бірлестігінің төрайымы Наталья Плотникова ұйымды 25 жылдан бері басқарып келеді. Екі аяғы сал болғандықтан арбамен қозғалатын Наталья өзі сияқты жандардың проблемаларын мемлекет көбіне елемейтінін айтады.

"Мүгедектігі бар әйел мейлі қандай арыз-шағыммен келсе де, мемлекет бізге мүлде назар аудармайды", – дейді Плотникова. Оның сөзінше, мүгедектігі бар әйелдер алдымен физикалық тұрғыдан қол жеткізе алмай отырған нәрсе мемлекеттік қызметтер ғана емес, бүкіл сот жүйесі де солай. Ол мүгедектігі бар көптеген әйел, жалпы әйелдер қауымы сияқты, милицияға жүгінуден қорқатынын айтады: "Біріншіден, одан пайда жоқ, екіншіден – қоғамға тым көп ақпарат тарап кетеді".

Наталья жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін орталықтың директоры қатысқан бір жиынды еске алды. Плотникова одан бұл орталыққа мүгедектігі бар әйелдер келе ала ма деп сұрапты. Оның айтуынша, директор: "Ой, жо-жоқ. Оларға бөлек қызметкер – күтуші керек қой", – деп жауап берген. Наталья орталықта жұрттың қолы жететіндей инфрақұрылым бар-жоғын, мысалы, өзі сияқты арбадағы адам кіре ала ма деп сұраған. "Бізде сіз сияқтыларға ештеңе жасалмаған, оны ешкім жасамайды да. Бұл – қосымша шығын", – деген жауап естіпті. "Мемлекеттің және мемлекеттік органдардың бізге келгенде ұстанымы – міне, осы", – деп мұңаяды Плотникова.

2025 жылғы бірінші тоқсанның аяғына қарай Өзбекстанда ресми түрде 1 031 609 мүгедектігі бар адам тіркелген – халықтың шамамен 2,7 пайызы. Олардың ішінде әйел саны – 465 645 адам.

Плотникова Өзбекстанда мүгедектігі бар әйелдердің жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа қаншалықты жиі ұшырасатынын дөп басып айту қиын, себебі ол жөнінде ресми ақпарат жоқ дейді. Оның сөзінше, әйелдер сирек шағымданады – біріншіден, көмек болатындығына сенбейді, екіншіден, көбіне үйден шыға алмайды. Көп жағдайда ондай әйелдер жақын туыстарынан зорлық көреді, ал отбасының үлкен әйелдері – аналар, әжелер – "ондай ақпарат сыртқа тарап кетпес үшін барын салады".

Equality Now ұйымы баяндамасында: "Қорған болады деген адамдардың өзі әділдікке қол жеткізуге жиі кедергі жасайды немесе өздері зорлық көрсетушіге айналады. Өзбекстандағы бір оқиға бұған айқын мысал бола алады: қарындасы ағасынан бірнеше рет зорлық көргенін екеуінің анасы білгеннен кейін, қызының байланыс құралдарын тартып алып, оның орнына полицияға өзі жауап берген, кейін қызын психиатриялық ауруханаға жатқызған. Осылайша кез келген тергеуге тоқтау салған", – деп жазылған.

""Сондықтан бізде нақты статистика жоқ", – дейді Плотникова.

Ол "Опа-сингиллар" қоғамында болған бір оқиғаны еске алды: сал ауруының ауыр түріне шалдыққан бір қызды анасы жиі қорлап, ұрып, балағаттап, үнемі "саған өмірімді сарп еттім, ал сен жазылмадың" дейтін. Кейде анасы қызын үйде жалғыз қалдырып, екі-үш күнге кетіп қалатын. Қыз таныстарының бірінен бала көтеріп, ана болғысы келді. Бірақ оның аяғы ауыр екенін білген анасы ештеңеге көнбей, қызын түсік жасатуға мәжбүрлеген. "Одан кейін қыз өзін-өзі өлтірмек болды, бірақ оны аман алып қалды. Ол бұрынғыдан да қатты тұйықталып қалды, жанарында үлкен мұң бар еді, көп ұзамай қайтыс болды", – дейді Наталья.

Плотникова үйде әңгіртаяқ ойнатып, ұрып-соғатын күйеуінің үстінен шағымдануға тырысқан мүгедектігі бар жалғыз әйелді ғана білетінін айтты. "Учаскелік милиция қызметкері әлгі әйелдің ақыл-есі дұрыс емес деген кейіп көрсетіп, тіпті олардың үйіне не жағдай болғанын анықтауға да барған жоқ", – деді Наталья. Оның сөзінше, милиция қызметкерлерінің көбі "мүгедектігі бар адам ба, демек ақыл-есі кем" деп біледі әрі ондай адамдар назар аударуға лайық емес деп санайды.

Қазақстандық Нұржамал Иминова да мүгедектігі бар әйелдерге сенбейтін стереотип көзқарас кең тарағанын айтады. "Неге екені белгісіз, егер мүгедектігі бар адам болса, демек, оның ақыл-есінде бір шалық бар деп ойлайды", – деді ол. Нұржамалдың айтуынша, полиция, сот, прокуратура және медицина қызметкерлері арасында да осындай көзқарас берік қалыптасқан. Ол мүгедектігі бар әріптесіне такси шақырғанда жүргізушілер тек өзімен сөйлесіп, арбадағы әйелге "дым түсінбейтін адам" сияқты қарайтынын айтады.

Әділет іздеудің шырғалаң жолы

"Жыныстық зорлық көрген мүгедектігі бар әйелдер мен қыздар әділдік іздеген жолында бітпейтін кедергілерге кезігеді. Өтініш беруден бастап тергеу мен сотқа дейінгі әр кезеңнің өзіне тән тосқауылдары бар, ал сол тізбектің кез келген буыны үзілсе – бүкіл процесс күйрейді", – делінген баяндамада.

"Ұзаққа созылған әуре-сарсаң мен қайтадан жанын жарақаттап титықтаған жәбірленушілердің көбі әділдікке қол жеткізем деген талпынысынан бас тартуға мәжбүр болады", – дейді Дарьяна Грязнова.

Дарьяна Грязнова

Оның сөзінше, баяндамада сипатталған барлық жағдай жүйелі проблемаларды айқын көрсетіп берген. "Үш елдің Қылмыстық кодекстері әлі күнге дейін зорлау дегеніміз жәбірленушіге физикалық күш қолдану, күш қолданамын деп қорқыту немесе оны "дәрменсіз күйге" түсіру деген анықтама береді, ал халықаралық стандарттарға сәйкес, зорлықтың басты белгісі – келісім болмауында. Мүгедектігі бар немесе жоқ барлық адамға бірдей қолданылғанымен, мұндай тар анықтама зорлау мен жыныстық сипаттағы зорлықтың мәнін елемейді және көп жағдайда, әсіресе көпқырлы кемсітуге тап болған мүгедектігі бар әйелдерге қатысты жағдайларға құқықтық баға берілмей қалу қаупін тудырады", – деді сарапшы.

Мұндай әйелдердің әділ сотқа қол жеткізу мүмкіндігі инфрақұрылым деңгейінде де шектелген: сот ғимараттары мен полиция бөлімшелеріне пандус орнатылмаған, тәржімашы жоқ, бейімделген құжаттар мен коммуникациялық қолдау қарастырылмаған.

"Жарақатына байланысты жауап алу тәсілдері және үздіксіз заң көмегі әлі күнге дейін барлық кезеңде енгізілмеген", – деді Грязнова. Қолдау қызметтері – шельтерлер, психоәлеуметтік көмек, құқықтық сүйемелдеу – жетіспейтіні жағдайды қиындата түседі, ал бар сервистердің жыныстық зорлық көрген мүгедектігі бар әйелдердің қажетіне бейімделгені кемде-кем.

Жынысқа да, мүгедектікке де байланысты қалыптасқан стереотиптер қосымша факторға айналған. "Бұл стереотиптер істің қозғалуын баяулатуы немесе тоқтатуы, зорлық көріп жәбірленгендерге қайтадан жарақат салып, іс жүзінде кінәлілердің жауапкершілік деңгейін төмендетуі мүмкін", – деді сарапшы.

Қайта-қайта жүргізілетін сұрақ-жауаптар, контекст пен куәліктер орнына физикалық жарақаттар мен биологиялық іздерге басымдық беру – мұның бәрі қайтадан жапа шегу қаупін арттырады.

"Мені екі бауырым зорлады"

Тәжікстан зерттеуге енгізілмегенімен, баяндамада сипатталған мәселелер бұл елдегі мүгедектігі бар әйелдерге де жақсы таныс.

"Мүгедектігі бар әйелдерге жасалған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жөнінде ресми статистика жоқ. Бірақ біздің жұмыс тәжірибемізге сүйенсек, мұндай жағдайлар құжаттарда көрсетілгеннен әлдеқайда жиі болады", – деді Азаттық Азияға берген сұхбатында Душанбе қаласындағы "Иштирок" мүгедектігі бар әйелдер лигасының жетекшісі Саида Иноятова.

Саида Иноятова

Оның айтуынша, әйелдердің көбі мемлекеттік органдарға ешқашан жүгінбейді. Бұған олардың қоғамдық айыптаудан қорқатыны, отбасына тәуелді екені, жеке басының шекарасы туралы білімінің болмауы, милицияға деген сенімсіздік және өз айтқанына сенбейді деген дүдәмал ой мен қажетті жағдай жасалмайды деген үрей себеп болады. "Сол себепті әйелдер көбіне заң жүзінде қорғауды емес, психологиялық қолдау мен қауіпсіз жер іздеп келеді. Олардың басты өтініші – құпиялықты сақтау", – дейді Иноятова.

Ол айтқан ең ауыр оқиғалардың бірі – туған екі ағасы бала кезінде зорлық көрсеткенін мойындаған әйелдің хикаясы. "Ол мұны дауыс шығарып айтқанға дейін біз бірнеше ай бойы жұмыс істедік", – деп еске алады маман. Әлгі әйел бір-ақ нәрседен – ата-анасы біліп қоя ма деп қорыққан. Ол үнемі: "Оларды ренжеткім келмейді", – деп айта береді екен. Иноятованың сөзінше, бұл қорқыныш бала кезінде тәуелді болудан, өзіне жасалған әрекеттің қылмыс екенін түсінбеуден және барлық кінәні оның өзіне артады деген ойдан пайда болған. Ол милицияға жүгінбеген – оған тек ішіндегіні айтып жеңілдеп қалу, жағдайына түсіністік танытатын және ешкім айыптамайтын орта қажет болыпты. "Ол өмір бойы жасырып келген сырын бізге сеніп айтты. Жәбір көргендер жылдар бойы іштен тынып, үнсіз жүреді, өйткені отбасының шырқы бұзылады, ата-анасына ауыр тиеді деген ой олар үшін өздері бастан кешкен жан жарасынан да қорқынышты", – дейді Саида Иноятова.

Тәжікстанда шамамен 171 мың мүгедектігі бар адам ресми тіркелген, олардың 40 пайызға жуығы – әйел. Алайда ресми тіркеу баршаны қамтымайды: мүгедектігі бар азаматтар арасында, әсіресе ауылды жерлерде және алыс аудандарда бюрократиялық кедергілерге тап болуына, стигмаға ұшырауына және құжаттары жоқтығына байланысты есепке алынбай қалғандары аз емес. Құқық қорғаушылардың бағалауынша, елдегі мүгедектігі бар адамдардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Тағы бір қайғылы хикая – үйіне қайтып келе жатқан жолда такси жүргізушіден зорлық көрген, жанары көрмейтін әйелдің оқиғасы. Оған милицияға шағымдану үшін көмек ұсынылған, алайда ол бас тартқан: "Егер ата-анам біліп қойса мені ешқайда жібермейді. Ал мен курстарға енді ғана бара бастадым, жұмыс істегім, тәуелсіз болғым келеді", – деген ол.

Ұйымдағылар мұндай жағдайды "тәуелсіз болу үшін төленген ақы" деп атайды – әйелдер енді ғана ие бола бастаған шектеулі еркіндіктен айырылып қалам ба деп қорқады.

Үшінші хикая – ең ауыр оқиғалардың бірі. Физикалық әрі интеллектуалдық жағынан мүгедектігі бар әйелге көп жыл бойы ересек ағасы зорлық жасап келген. Отбасыға толықтай тәуелді болған ол әйел өзіне не істеп жатқанын түсінбеген. Жағдайды білген әпкелерінің бірі милицияға жүгінген. Іс сотқа жеткен. Алайда отбасындағы басқа әпкелері ағасын және, көбіне, "отбасы абыройын" қорғап, болған жайтты жария қылмауды талап еткен.

"[Тергеу] әйелден жауап алғанда оның ерекшеліктерін ескермеген. Ол қорқып, абдырап қалатын, не болғанын рет-ретімен түсіндіріп айтып бере алмайтын. Медициналық сараптама оның үйден шықпай, күйеусіз өмір сүріп жатқан кезде жыныстық қатынаста болғанын дәлелдегеніне қарамастан, сот оның ағасын кінәлі деп таныған жоқ, – деді Иноятова. – Бұдан кейін әйелді өздігінен әрекет етуге қабілетсіз деп танып, ағасын жақтаған әпкелерінің бірін оған қамқоршы етіп тағайындады. Сол әпкесі оны бұрынғы үйінде, өзін зорлаған адаммен бір шаңырақ астында қалдырып, өзі шетелге жұмысқа кетіп қалды".

Саида Иноятова мүгедектігі бар әйелдердің үндемейтіндігі олардың айтары жоқтығынан емес, жүйе олардың үнін естімейді деп біледі.

Жағдай қайтсе өзгереді?

Дарьяна Грязнованың пікірінше, мемлекет мүгедектігі бар әйелдерге формалды емес, нақты жұмыс істейтін қорғаныс жүйесі қажет екенін мойындаған жағдайда ғана жағдай өзгеруі мүмкін. Ол баяндама авторларының Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға ортақ болуға тиіс деп санайтын ұсыныстарын тізіп шықты.

Ең әуелі, аталған елдер жыныстық сипаттағы зорлықты жеке бір мекеменің мәселесі деп қарауын доғаруы керек. "Полиция, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметтер және соттар бөлек-бөлек емес, бірге жұмыс істейтін шынайы инклюзивті, салааралық тәсіл қажет", – деді Грязнова.

Сондай-ақ мүгедектігі бар әйелдердің толық құқық субъектілігін мойындау және оларды өз атынан сөйлеу мен шешім қабылдау құқығынан жиі айыратын ескірген қамқоршылық жүйесін қайта қарау да өте маңызды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үнсіз шырқалған ән. Салды жеңген Айдананың сахнаға дейінгі жолы

Сарапшылар зорлық анықтамасы өзгертілуі керек деп есептейді: келісімсіз жасалған кез келген жыныстық қатынас зорлық деп танылуға тиіс. Сонымен бірге, Грязнованың пікірінше, тергеу органдары мен соттар жәбірленушінің "когнитивтік қабілеттерін" емес, күдіктінің әрекеттері мен істің мән-жайын бағалауы қажет. Егер әйел өзіне күтім жасайтын адамға тәуелді болса, жабық мекемеде тұрса немесе байланыс құралдарын өз қалауынша еркін пайдалана алмаса – ондай жағдайда "шынайы келісім" болуы мүмкін емес деп танылуы керек.

Ұсыныстардың бір бөлігі – мүгедектігі бар әйелдердің әділдікке қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған. Грязнованың пікірінше, мемлекет мүгедектігі бар әйел өтініш берген сәттен бастап сотқа дейінгі барлық кезеңде ақылға қонымды және процесстік бейімдеулерді қамтамасыз етуге міндетті. Бұл олар ғимараттарға еркін кіре алатындай, тәржімашы қызметін пайдаланатындай жағдай жасау, бейімделген материалдар, коммуникациялық қолдау болуы тиіс дегенді білдіреді.

"Қолдау қызметтері – дағдарыс орталықтары, психологтар, заңгерлер – қағаз жүзінде емес, шынайы болуы керек. Және олар мүгедектік түрлеріне бейімделген болуға тиіс", – деді ол.

Бұған қоса сарапшылар Орталық Азия елдері үкіметтерін зорлық-зомбылықты ерте анықтау жүйелерін құруға, мамандарды оқытып-үйретуге, профилактиканы дамытуға, деректер жинауды сауатты әрі ашық жүргізуге шақырады. Және, ең аяғында, ұлттық заңнамаға әлі енгізілмеген халықаралық құжаттарды ратификациялауға үндеді.

"Мұның бәрінсіз, – дейді Грязнова, – мүгедектігі бар әйелдер зорлыққа ұшырағаны көзге көрінбей әрі қорғансыз күйінде қала бермек".