"Онлайн хабар сапасы жақсарды, бірақ репрессия күшейді". "Шекарасыз тілшілер" есебі және Қазақстан

Оқиға орнынан хабар таратып тұрған журналист. Алматы, 2023 жыл.

Журналистер құқығын қорғаумен айналысатын "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы 2025 жылға арналған есебін жариялады. Ұйым индексінде Қазақстан биыл 180 елдің ішінде 141-орыннан табылды. Есепте елдегі ахуал туралы не айтылған?

ИНДЕКСТЕГІ ОРНЫ ЖАҚСАРҒАН, БІРАҚ АЛҒАН ҰПАЙЫ ТӨМЕНДЕУ

"Онлайн хабар сапасы жақсарғанымен, репрессия модернизацияланып жатыр: тәуелсіз медиа еркін жұмыс істей алатын жалғыз кеңістік – интернетті бақылау күшейді" дейді ұйым есептің Қазақстан туралы бөлімінде.

Биыл Қазақстан "Шекарасыз тілшілер" баспасөз индексінде былтырғыдан бір саты жоғарылап, 141-орын алған. Алайда алған ұпайы былтырғыдан төмен. 2024 жылы 41,1 балл болса, биыл 39,34 балл.

Ұйым елдегі баспасөз еркіндігі ахуалына бес өлшем бойынша баға берсе, Қазақстан соның ішінде саяси, экономикалық және құқықтық индикатор бойынша төмендеу балл алған.

"Билік үкіметке қарсы бұрын-соңды болмаған 2022 жылғы Қаңтар наразылығы сияқты оқиғалардың баспасөз бетінде қамтылмауы үшін барлық тәсілді қолданып отыр. Оның ішінде қамау, шабуылдау, телекоммуникациялық бұғаттау, интернетті өшіру бар" дейді есеп авторлары үкімет жекеменшік медиаға үгіт-насихат жасасын деп ақша төлейтінін атап өтіп. "Үкімет мемлекет иелігіндегі және мемлекет бақылауындағы медианың бас редакторларын тағайындауды бақылауды ұстайды".

Құқықтық өлшем бөлімінде "Шекарасыз тілшілер" жала жабу бабы қылмыстық кодекстен алынғанымен, "көрінеу жалған ақпарат тарату" әлі де қылмыс қатарында қалып отырғанын жазды. Сондай-ақ, сыртқы істер министрлігі шетелдік баспасөз журналистерін аккредиттеу мәселесінде "ұлттық қауіпсіздікке" сілтеп, жосықсыз шешім қабылдайтыны да сөз болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конгресс мүшесі Тоқаевпен кездесу кезінде Азаттық тілшілеріне аккредитация беру маңызды екенін айтты

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЖЕКЕ БАС ҚАУІПСІЗДІГІ

Журналистердің жеке қауіпсіздігі жөнінен Қазақстан 118-орында. Былтырғыдан жеті саты жоғары. Бірақ есепте журналиске әлі де қысым жасалып жатқаны айтылады.

"Кей медиа кибершабуылға ұшыраса, өзге журналистер жұмысы үшін, әсіресе әлеуметтік желідегі жұмысы үшін қоқан-лоқы мен қасақана шабуылдардың құрбаны болып отыр" дейді ұйым жергілікті деңгейдегі қауіп-қатер мақалада аталған адамдардан төнетінін атап өтіп. "Үкімет ұстанымына келіспейтін журналистерге қамалу қаупі" төнеді".

Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың мұндай бағасына келіспейтінін, елде баспасөз еркіндігіне бар жағдай жасалғанын айтады. Былтыр мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Шекарасыз тілшілер" есебі жөнінде пікір білдіріп, елде "заң мен тәртіп" үстемдік құратынын, сөз еркіндігіне ешқандай шектеу жоғын айтқан.

Қазақстан мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

"Рейтингтердің, бағалау әдістерінің түр-түрі бар. Бірақ нақты қарайықшы, қай жерде шектеліп жатыр? Қалағанынша жазады, сынайды. Кейде өте қатты сын айтылады. Шектеуді қайдан көріп тұрсыз? Ешқандай шектеуді көріп тұрған жоқпын және Қазақстанда БАҚ-тың белсенді түрде дамуына және жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған" деді министр сол кезде.

Кейінгі екі аптада екі баспасөз құралының басшылығының үстінен көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша қылмыстық іс қозғалды. 1 желтоқсанда Orda.kz басылымының кеңселерінде тінту жүріп, бас редакторы үйқамаққа алынды. 8 желтоқсан күні ҚазТАГ агенттігінің директоры мен бас редакторына қарсы осы баппен іс қозғалғаны мәлім болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қылмыстық кодекстегі 274-бап "саяси құрал" ма?

Балаева "кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет" деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, биыл журналистер әлеуметтік желідегі парақшалары жиі бұғатталғанына назар аударды. "Обожаю" жобасының авторы Асхат Ниязов, Ulysmedia жетекші Самал Ибраева өздеріне ақпараттық, кибер шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Тәуелсіз журналист Вадим Борейко мен Лұқпан Ахмедияровтың әлеуметтік желідегі парақшалары бірнеше рет жойылып, қайта қалпына келтірілді.

ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының айтуынша, биыл 11 айда әлемде 67 журналист қаза тапқан, 503 тілші қамауға алынған, 135 журналист із-түссіз жоғалған, 20 тілші кепілге алынған.

Осыған дейінгі жылдардағыдай, биыл да Ресей журналистер үшін өте қиын елдердің қатарында аталды. Журналистерді қамау бойынша Ресей Қытайдан кейін екінші орында тұр. Биыл елде 48 журналист ұсталған. Журналистерді қамау бойынша көш басында Беларусь пен Иран да байқалады. Бұл екі мемлекетте 33 және 21 журналист бостандығынан айырылған.

Ресей өз аумағымен қатар Украинаны да журналистер үшін ең қауіпті елдердің біріне айналдырып отыр. Мәскеудің зымыран және артиллерия шабуылдарынан журналистер де қаза тауып жатыр.

2025 жылғы қазанда француз фотожурналисі Антони Лалликан мен украин журналисі Георгий Иванченко Украина шығысында Ресейдің дрон шабуылына ұшырады. Лалликан бірден мерт болып, Иванченко бір аяғынан айырылды. Сол айда Ресей дронының соққысынан журналистер Алена Грамова мен Евгений Кармазин опат болып, Александр Колычев жарақат алған.

Таяу Шығыстағы Газа аймағы да журналистер үшін аса қауіпті жер болып қалып отыр. "Шекарасыз тілшілер" Израиль туралы есебінде кейінгі 18 айда Газада 200-ге тарта журналист қаза тапқанын атап өткен.

Ұйымның биылғы индексінде Орталық Азия елдерінен Өзбекстан былтырғыдай 148-орын, Қырғызстан бір саты жоғарылап 144-орын, Тәжікстан екі саты жоғарылап 153-орын, Түркіменстан 174-орын алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билікті сынайтын парақшалар жабылып қалды. Артында кім тұр?