Accessibility links

Депрессияны қалай анықтап, қалай сақтанамыз? Күйзеліс кезінде жұмысқа жарамсыз парағы беріле ме?


Қазақстанда кейінгі кезде психикалық денсаулық мәселесі бұрынғыға қарағанда жиі талқылана бастады. Психотерапевтер елдегі әлеуметтік, тұрмыстық, саяси жағдайлар халықтың психикасына, мінез-құлқына әсер ететінін айтады. Мамандар бұл жайттар қоғамда депрессиялық көңіл-күйдің артуына әсер етеді деп санайды. Азаттық депрессияның қалай анықталатынын, маманға қашан жүгінген дұрыс екенін, антидепрессант қай кезде берілетінін, күйзеліске ұшыраған адам еңбекке жарамсыздық парағымен жұмыстан қанша уақытқа босатылатынын мамандардан сұрап білді.

– Қомақты қаржы жоғалттым. Көп сомада қарызға да кірдім. Бірақ менің үмітім сөнбеді. Жұмысымды қайта қолға алсам, жоғалтқан қаржы қайтып келеді деп ойладым. Бірақ ол жұмыстың жүрмейтініне көзім жетіп, қарызға кіріп кеткенімді бір-ақ күнде түсіндім. Содан күйзеліске түсіп кеттім. Мен бұрыннан күз айларында құлазып, балалық шағым есіме түсіп, мазасыз күйге түсетінмін. Оған тамызда басталған терең уайымым қосылды да, түнімен ұйықтай алмайтын болдым. Уайымды тез ұмытудың жолын іздеп ішкілікке салындым, құмар ойнап кеттім. Осының бәрі маған уайымымды ұмыттыратын. Біраз уақыт өзімді солай алдаусыраттым. Бір жарым жыл күйзелістен соң маған қоғамда, айналамда боп жатқан жағдайлар әсер етті. Бұрын сондай проблемаға кіріп кеткенімді қабылдай алмайтынмын. Ақырындап қазір соны қабылдағанымды түсіндім. Жақындарымыздың кішкентай нәрестесі өмірден өтті. Соны өзіммен салыстырдым. Кімнің проблемасы ауыр деп, қарасам менен де үлкен қайғымен жүрген адамдар бар екен. Оларға қарағанда менікі әлдеқайда жеңіл деп ойладым. Қарыздан құтылуға болатынын түсіндім. Ал жоғалған затым, демек әу бастан маған бұйырмаған деп өзімді жұбаттым. Содан кейін жақсы болып қалдым, - дейді алматылық Мұрат (өтініші бойынша есімі өзгертілді).

Мұрат қиналса да психологқа я психотерапевке бармаған. Мамандар адамдардың көбі "депрессиядамын", "депрессиядан шықтым" деп өздері диагноз қойып, өздері шешім шығаратынын айтады. Бірақ күйзеліске түскенде тек маманға жүгіну керек.

ДЕПРЕССИЯНЫҢ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Алматыдағы невроз және Альцгеймер ауруын емдеу орталығының директоры, психотерапевт Жібек Жолдасова күйзеліске түскен адамның ұзақ уақыт көңіл-күйі болмайтынын, ешнәрсеге қызықпайтынын айтады.

– Бұрын қуаныш сыйлаған, ұнатқан нәрселері оған қуаныш әкелмейді. Белсенділігі азайып, пассив күйде болады. Өзін қинап та, ешнәрсе істете алмайды. Көпшіліктен қашады, жалғыздықты, тыныштықты қалап тұрады, негатив ой мазалауы мүмкін. Бұл белгілер адамды екі аптадан артық мазаласа, уақыт өткізбей маманға жүгіну маңызды, - дейді ол.

Клиникалық психолог Абылайхан Рысдәулет.
Клиникалық психолог Абылайхан Рысдәулет.

Клиникалық психолог, педагогика және психология магистрі Абылайхан Рысдәулеттің айтуынша, күйзеліс кезінде өмірге, жұмысқа деген қызығушылық төмендеп, үнемі шаршап, күш-қуат пен ерік-жігер әлсірейді, ұйқы мен тәбет бұзылып, еске сақтау нашарлайды, зейін шашырап, мазасыз ой, қорқыныш пен үрей пайда болады. Бас жиі ауырып, адам тәнінде өзі түсіндіріп бере алмайтындай дискомфорт сезімі пайда болып, Адамның жыныстық қатынасты қалауының, құштарлығының деңгейі. Либидо әр адамда әртүрлі деңгейде болады. Бұл түсінікті психоанализдің негізін қалаған Зигмунд Фрейд енгізген. төмендейді.

Ескеріңіз, депрессияны арнайы кәсіби білімі бар психолог, психотерапевт, психиатр анықтайды.

– Мамандар алдымен адамның шағымдарына мән береді. Сауатты анамнез жинақтап, жан-жақты медициналық тексеруден өткізу керек. Лабораториялық диагностиканың нәтижелерін ескеріп, дифференциалды диагностика жасалады. Депрессияны анықтайтын түрлі тесттер мен сауалнамалар жүргізіледі. Жинақталған толық мәліметке сүйене отырып нақты диагноз қойылады. – дейді психолог Абылайхан Рысдәулет.

ДЕПРЕССИЯНЫ ҚАЛАЙ ЕМДЕЙДІ? АНТИДЕПРЕССАНТ ІШУ КЕРЕК ПЕ?

Депрессияға түсудің себебі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан емделудің де тәсілі әртүрлі.

Адам өзінің депрессияда екенін бірден білмеуі мүмкін. Өйткені бұл - жасырын түрде, баяу дамитын процесс. Бірте-бірте күшейіп, созылмалы жағдайға жетіп, салдары терең күйзеліске әкеледі. Депрессия – уақытша құбылыс емес, керісінше, емдеуді қажет ететін диагноз. Депрессия диагнозы қойылса, дәрежесіне қарай психотерапия сеансымен, дәрі-дәрмекпен емдейді, қажет болса стационарлық ем жүргізіледі. – дейді психолог Абылайхан Рысдәулет.

Психотерапевтің сөзінше, емдеу тәсілі мен емнің ұзақтығы әр науқастың жеке жағдайына, депрессияның ауырлығына және психологиялық ерекшелігіне байланысты анықталады. Кейде антидепрессант ішуі – тиімді емдеудің жолы.

Психотерапевт Жібек Жолдасова.
Психотерапевт Жібек Жолдасова.

– Қазір қоғамда антидепрессанттар туралы жалған пікір көп. Әлеуметтік желілерде антидепрессант тәуелділік тудырады, зиян деген пікір жиі кездеседі. Шындығында, бұл дәрілер дұрыс қолданылған жағдайда қауіпсіз және депрессияны тиімді емдеудің бір жолы. Кейде науқас дәріні ішіп жүріп, бірден тоқтатқан кезде басы айналып, ауырып, ұйқысы қашуы мүмкін. Бірақ бұл тәуелділіктің белгісі емес. Ал дәріні бірден емес дәрігердің кеңесімен дозаны біртіндеп азайтып барып, тоқтату керек. Бірақ мамандр науқасқа бірден "дәрі іш" демейді. Күйзеліс жеңіл болса, көбіне тек психотерапия көмегімен емдейміз. Бірнеше сеанстан кейін нәтиже байқалмаса, антидепрессант қолдануды ұсынамыз. Ал орташа және ауыр депрессия кезінде дәрі-дәрмекпен қатар психотерапия өте маңызды, себебі ауыр депрессия кезінде кейде науқасқа суицид жайлы ой келіп, асқынуы мүмкін. Бірақ антидепрессанттар тек дәрігердің нұсқауымен берілуі керек, себебі олардың әрқайсысы әртүрлі әсер етеді. Дозасына қарай жанама әсері де болуы мүмкін. Сондықтан дәріне тек маман таңдап, пациенттің жалпы жағдайы, жеке ерекшеліктері және симптомдары ескерілуі керек, – дейді психотерапевт Жібек Жолдасова.

Мамандар "депрессияға түсудің негізгі себебін анықтау – күйзелістен жылдам әрі анағұрлым жеңіл шығу жолы" екенін айтады. Осылайша психореабилитациялық жолмен науқастың көңіл-күйін қалпына келтіруге болатынын айтады. Клиникалық психолог Абылай Рысдәулет те осындай пікірде.

– Антидепрессант ішу – жалғыз әрі соңғы шешім емес. Мүмкіндігінше дәрісіз емдеу, депрессияға қайта түсіп қалмауды ойлау, ішкі психо-эмоционалдық ахуалға құлақ түре білу, пациенттің психологиялық білімі мен мәдениетін көтеруге ықпал ете білу психотерапевтің білімі мен біліктілігіне байланысты – дейді ол.

ДЕПРЕССИЯҒА ЕҢБЕККЕ УАҚЫТША ЖАРАМСЫЗ ПАРАҒЫ БЕРІЛЕ МЕ?

Иә, Қазақстанда депрессия диагнозы қойылған азаматтарға ресми түрде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі. Бұл құжатты лицензиясы бар дәрігер ғана бере алады. Жеңіл депрессия кезінде науқасты жұмыстан үш күннен алты күнге дейін босата алады. Науқастың жағдайы ушығып жатса, дәрігер бөлім меңгерушісінің рұқсатымен оны 20 күнге дейін ұзарта алады. Жиырма күннен ары қарай да алуға болады. Бірақ ол үшін дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы керек. Бұған қоса, күйзеліске шалдыққан адамдар мемлекет есебінен де емделе алады.

Нәби Есімов.
Нәби Есімов.

– Депрессия диагнозы қойылған адамдар мемлекет есебінен психиатр мен психотерапевтен көмек ала алады. Дәрігер алдымен адамның жағдайын тексеріп, қажетті талдаулар жасап, қандай ем-дом түрін анықтайды. Жеңіл я орташа дәрежедегі депрессия болса, дәрі-дәрмек жазып беруі мүмкін немесе психотерапияға жіберіледі. Ал жағдай күрделірек болса, мысалы, суицид туралы ой келіп, елес, дыбыстар естілсе онда амбулаторияда емдейді. Ол көмектеспесе адамды қауіпсіздік үшін арнайы психиатриялық стационарға жатқызады. Онда науқас толық бақылауда болып, емделеді – дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Нәби Есімов Азаттыққа.

ДЕПРЕССИЯДАН САҚТАНУ МҮМКІН БЕ?

Күйзелістің алдын алу үшін адамға психогигиена мен өзінің жан-дүниесі мен эмоцияларын танығаны өте маңызды.

- Кей мамандардың айтуынша, 21 ғасыр пандемиясы – депрессия. Бұл пікірге келісемін. Себебі еліміздегі психикалық денсаулықтың қазіргі ахуалы тым нашар. Бұл адам санасына, психологиясына әсер ететін көптеген факторларға тікелей байланысты. Мысалы, саяси, идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, тұрмыстық жағдайлар халықтың психикасына, мінез-құлқына теріс әсер етеді деуге болады. Оны қоғамда депрессиялық көңіл-күйдің артуы, невроз бен суицидтің көбеюі, стресс пен апатияның, ажырасу мен агрессияның, түрлі тәуелділік проблемалары мен фрустрациялардың белең алуынан байқауға болады. Бірақ бұл депрессиядан сақтанудың жолы жоқ дегенді білдірмейді. Депрессиядан сақтану туралы айтқанда, алдымен психопрофилактикалық, психогигиеналық шараларды ұстанған абзал. Яғни, әр адам “психикалық есейген” тұлға болуға ұмтылуы қажет. Өзінің психологиялық-эмоционалдық ахуалына ден қойып, физикалық және психикалық денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйренуі керек. Салауатты өмір салтын ұстану, психологиялық сауатын арттыру, кәсіби мамандарға дер кезінде қаралу көптеген психикалық проблемалардың, әсіресе депрессияның алдын-алуға мүмкіндік береді, - дейді клиникалық психолог Абылайхан Рысдәулет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2025 жылы таратқан мәліметінше , әлемде шамамен 332 млн адам депрессияға шалдыққан.

Ал Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, 2024 жылы елде 224 мың адамға "психикалық бұзылыс" диагнозы қойылған . Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3 пайызға көп. Дегенмен мамандар бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін дейді, себебі адамдардың көбі күйзеліске ұшырағанда дәрігерлерге бара бермейді.

Күйзеліске түспес үшін не істеу керек? Депрессиядан қалай шығамыз?
please wait

No media source currently available

0:00 0:33:18 0:00
XS
SM
MD
LG