Accessibility links

"Алматы-2" вокзалындағы пойызда 52 адам көмірқышқыл газынан уланып қалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Алматы-2" вокзалындағы пойызда 52 адам көмірқышқыл газынан уланып қалды. Арасында 10 бала бар, екеуі жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланды.

"Оқиға орнына 13 жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Зардап шеккендердің барлығы қала стационарларының қабылдау бөлімдеріне жеткізілді. Олар дәрігерлердің бақылауында" деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Басқарма өкілдері науқастардың жағдайын дәрігерлер қадағалап отырғанын айтты.

“Қазақстан темір жолы” оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

"Адамдар уланған пойыздың "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға қатысы жоқ және жеке тасымалдаушыға тиесілі. Вагондар киностудияға түсірілім жүргізуге берілген. Жағдайдың жай-жапсарын құзырлы органдар анықтайды" деп жазылған ҚТЖ хабарламасында.

Куәгерлерге сүйенген Tengritravel-дің жазуынша, жұрт кинокомпанияның кастингіне қатысқан. Олардың арасында әйелдер мен балалар да болған.

Сайттың жазуынша, қатысушылар түнде қақаған аязда өздерін "айдалаға апарып" түсірілім жасатқанын айтқан. Пойызда қатты суық болып, газ горелкасы қосылған. Біраз уақыттан кейін балалар естерінен танып құлай бастаған. Вокзалға келгеннен кейін бірнеше бала мен әйел ауыр хәлде ауруханаға әкетілген.

Полиция "Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

XS
SM
MD
LG