Сәрсенбі күні таңертең АҚШ жағалау күзетінің қызметкерлері теңіз жаяу әскерінің қолдауымен Венесуэла жағалауында The Skipper танкерін ұстады. Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, Skipper бірнеше танкердің иесі Украина азаматы Виктор Артемовке қатысы бар компания басқаратын нигериялық фирмаға тиесілі.
АҚШ бас прокуроры Пэм Бондидің мәлімдемесінде «санкцияға ұшыраған Венесуэла мен Иранның шикі мұнайын тасымалдау үшін пайдаланылған мұнай танкерінің тәркіленгені» жазылған. Операция сот шешіміне сәйкес жүргізілген деп айтылады. Танкер Венесуэла портынан шыққаннан кейін көп ұзамай Gerald Ford ірі соғыс кемесінен ұшып шыққан тікұшақтан жағалау күзетінің қызметкерлері танкерге түсірілген. АҚШ-тың әскери кемелерін тасымалдаушы Gerald Ford бір айдан астам уақыт бойы Кариб теңізінде, Венесуэла жағалауына жақын маңда болған.
АҚШ қаржы министрлігі The Skipper танкеріне заңсыз мұнай тасымалдауға қатысқаны үшін санкция салған, бұл операциялардан түскен қаржы Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы мен Иран қолдайтын ливандық «Хезболла» қарулы тобын қаржыландыруға пайдаланылған деп айтылады.
Құрастырылғанына 20 жыл болған танкер әлемдегі ең ірі танкерлердің бірі саналады. АҚШ қаржы министрлігінің дерегінше, 2022 жылы сол кезде Adisa деп аталған танкер Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын Виктор Артемов басқаратын компанияға тиесілі болған.
Танкерді ұстау операциясын алғаш болып хабарлаған АҚШ президенті Дональд Трамп ондағы мұнайды АҚШ тәркілейді деп топшылайды.
Ресми ақпарат бойынша, Кариб теңізінде шоғырланған Америка әскери-теңіз күштерінің мақсаты латынамерикалық есірткі картелдерінің теңіз арқылы АҚШ-қа ескірті жіберуінің жолын кесу деп айтылады. Трамп әкімшілігі есірткі тасымалдауға қатысты ескерту жасау үшін Венесуэла аумағына әуеден соққы жасау мүмкіндігін де жоққа шығармаған. Венесуэла билігі АҚШ-тың өзін басып алуға дайындалып жатқанын хабарлады.