Accessibility links

Диссидент деген кім? Бүгінгі Қазақстанда ондай адамдар бар ма?


Совет одағы кезінде ресми саясатпен келіспейтіндерді диссиденттер немесе "өзгеше ойлайтындар" деп атады. Сарапшылар мұндай азаматтар Қазақстанда совет заманында болған, қазір де бар деп санайды. Олар кімдер? Диссиденттік қалай анықталады? Азаттық осы сұраққа жауап беру үшін өзі диссидент саналатын Хасен Қожахметпен және Қазақстандағы адам құқығы бюросының сарапшысы Александр Жовтиспен сөйлесіп көрді.

Диссидент деген кім? Советтік және тәуелсіздік жылдарындағы тұтқындар мысалы
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:41 0:00

СӨЗДІҢ ЭТИМОЛОГИЯСЫ

"Диссидент" латынның dis – бөлек, sedere – отыру деген сөзінен шыққан. Осы екі жай сөз қосылып, dissidens деген ұғымға айналды. Өзгеше ойлайтындар дегенді білдіреді. Әуелі оны орта ғасырларда ресми шіркеуге қарсы ағымдарға қарата қолданса, 20-ғасырдың ортасынан бастап бұл сөз саяси ұғымға айналды. Совет одағы мен Еуропадағы социалистік елдердің құқық қорғаушыларын әдетте осылай – диссидент деп атаған. Хрущев кезіндегі "жылымықтан" басталған диссиденттік қозғалыстың жарқын мүшелеріне Солженицын мен Сахаровтан бөлек Андрей Синявский мен Юлий Даниэль, генерал Петр Григоренко, Людмила Алексеева, Лариса Богораз, Валерия Новодворская, Владимир Буковский, Елена Боннер, Юрий Орлов сынды азаматтар жатқан.

Советтік Қазақстанда да диссиденттер болды. Солардың бірі – Хасен Қожахмет. 1949 жылы сол кездегі Талдықорған облысында туған Хасен Қожахмет 1969 жылы музыка училищесінде оқып жүргенде әскерге шақырылған.

Хасен Қожахмет. 1977 жылғы ақпан. Кітабынан түсірілген сурет.
Хасен Қожахмет. 1977 жылғы ақпан. Кітабынан түсірілген сурет.

Жүрегінде ақауы болғаны үшін жас музыкантты Байқоңырға әскери құрылыс батальонына жіберген. Өз айтуынша, ол жерде Ресейден келген сарбаздар әлімжеттік көрсетіп, ұлттық намысына тиген.

– Солар мені түрткілей бастады, ұлтыма тиісті, – деді ол Азаттыққа берген сұхбатында. – Әлгі офицерлер: "не үшін араздасасыңдар?" деп қоймайды. "Білмеймін, мен ешкімді ұрған жоқпын, ал мен біреуді ұрды деп айтыңдаршы, өздері келіп артымнан ұрады. Кім екенін білмеймін. Жұмыс істеп жатсам, артымнан ұрады" дедім. "Енді не үшін тиіседі саған?" дейді. Қоймайды. "Азиатсың" деп айтады дедім. Селк ете түсті бәрі. Замполит (әскерде командирдің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары – ред.) "Мынаны қара, саясатты қозғап отырсың" дейді. Мен емес қозғаған, олар ғой дедім.

Әскердегі командирлер әлімжеттік көрсетушілерді емес, жапа шегуші Хасен Қожахметтің өзін жазаламақ болып, оны гауптвахтаға жіберуді ұйғарады. Яғни әскер тәртібін бұзғандарды қамайтын жерге тыққысы келеді. Ол бұған шыдамай, әскерден қашып, Алматыға барады. Ондағы әскери округ мұны қамап қойып, ісін қарамақ болғанда, қамауда болған бір сержант бұған ақыл салады: "жынды болсаң, жазадан құтыласың" дейді.

Бір жарым ай жындыханада жатып, әскерден де, сотты болудан да аман қалған Хасен Қожахмет училищедегі оқуына оралып, бітірген соң музыкадан сабақ бере бастайды. Осы тұста ол диссидент жолына түседі. Совет өкіметін сынайтын мақала жазып, оны қолжазба күйінде таратады. Ол уақытта билік мақұлдамайтын мұндай еңбектерді "самиздат" деп атайтын.

Қазақ диссиденті Хасен Қожахмет Алматыдағы үйінде. 26 қыркүйек 2025 жыл.
Қазақ диссиденті Хасен Қожахмет Алматыдағы үйінде. 26 қыркүйек 2025 жыл.

Совет одағы әлі де тоталитарлы мемлекет болатын. КГБ қоғам өмірінің әрбір аспектісін қатаң бақылауда ұстайды. Мемлекет мақұлдамаған кітап тұрмақ, пікір таратуға рұқсат жоқ. Осы кезде құқық қорғаушылар "самиздат" дейтін әдіске жүгінді. Жазу машинасымен терген өлеңдерді, мақала-кітаптарды санаулы данамен қолдан-қолға таратып, қажет деп тапқандар фотокөшірме жасап немесе қайта теріп көбейтіп отырған. Кейде мұндай еңбектер шетелде басылып, Совет одағына құпия жолмен әкелінетін. Оны "тамиздат" деп атады.

– Содан 1977 жылғы 29 сәуірде жаңағы 20 мақаланы таратып жүрген кезімде совет институтында мені ұстап берді. "Ұлтшыл, міне таратып жүр, үкіметке қарсы үнпарақ" деп. КГБ-ға звондап, алып кетті. 28-ге қараған кезім. Содан екі жылға соттады, – дейді Хасен Қожахмет.

Одақ деңгейінде диссиденттер қатарында негізінен құқық қорғаушылар болды. Бұл – олардың бәрі заңгер болды дегенді білдірмейді. Бірі ақын-жазушы, бірі философ, бірі физик, бірі отставкадағы офицер дегендей түрлі саланың өкілдері еді. Бірақ оларды біріктіргені – адам құқығы жолындағы күрес.

Совет одағы диссиденттермен қатты күресті. Ұсталғандарды түрмеге қамады, жындыханаға жапты, ал ресми пропаганда оларды елдің күйрегенін көксейтіндер деп қаралады. Бірақ Кремль халықаралық институттармен санасуға мәжбүр болатын. Қатардағы диссиденттерді соттағанымен, танымал тұлғаларды айдауға жіберді немесе қитұрқы жолмен елден шығарып, азаматтығынан айырды. Мұның мысалы ретінде Нобель сыйлығы тағайындалған Борис Пастернакті, Александр Солженицынды және Андрей Сахаровты атауға болады.

1975 жылы жазда Финляндияда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің жиыны өтіп, қорытынды құжатқа 35 ел қол қойды. Оның арасында Совет одағы да бар еді. Хельсинки келісімі деп аталған бұл құжатта түрлі сала қамтылып, адам құқығы мәселесі де сөз болған еді. Кремль мұны формалды құжат десе керек. Бірақ 1976 жылы мамырда физик Юрий Орлов бастаған диссиденттер Совет одағында Хельсинки келісімін орындауға көмектесу жөнінде қоғамдық топ құрды . Оны ел арасында Мәскеу-Хельсинкий тобы деп атады.

Көп ұзамай мұндай топтар Украина, Литва, Грузия және Арменияда да пайда болды. Олар КГБ-дан қысым көрген азаматтарды құжаттауға үлкен күш салды. Хасен Қожахмет өз кітаптарының бірінде 1977 жылы сотталғаннан кейін Хельсинки топтарының саяси тұтқындар тізіміне кіргенін айтады .

Қазақстанда да Алматы Хельсинки тобы құрылды. Бірақ оның жұмысы кейінірек, 1980 жылдардың аяғында қуғындалған желтоқсаншылардың құқығын қорғау аясында басталған. Советтік-қазақстандық диссидент Хасен Қожахмет 1986 жылы болған осы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін де сотталды.

Хасен Қожахмет митингте сөз сөйлеп тұр. Жеке мұрағатынан.
Хасен Қожахмет митингте сөз сөйлеп тұр. Жеке мұрағатынан.

– Енді оларға "Ылғи жастар шығыпты" дегенше, "араларында бұрыннан ұлтшыл болып сотталған адамдар жүрген екен, басқарған" деген сөз керек болды Мәскеуге. Сондықтан мені ұйымдастырушылардың бірі деп сол төрт жылға соттады. Қатаң режим, төрт жылға. Сол бардық. Тағы да бөрене, пилорама. Тағы да бетон тасу. Сонымен екі жыл екі ай болғанда ісімді қысқартты, – дейді ол.

Қамаудан босап шыққан Хасен Қожахмет әуелі "Желтоқсан" қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, кейінірек "Азат" қозғалысының жетекшілерінің бірі болды. Сөйтіп ол 1990 жылдары Қазақстандағы саясатқа белсене араласты.

Қазақстандық диссидент дегенде Хасен Қожахамет аты аталатын жалғыз адам емес. Билік саясатына келіспейтіндігін ашық білдіріп, сол үшін жазаланған, бірақ ұстанымынан таймаған азаматтар баршылық. Бірақ бәрін бірдей диссидент деп атауға бола ма? Бұл ұғымның анықтамасы мен өлшемі қандай? Советтік кезеңде орталық пен ұлттық республикалардағы диссиденттердің өмірінде айырмашылық болды ма? Бүгінгі Қазақстанда диссиденттер бар ма? Осы сұрақтарды Қазақстан адам құқығы бюросының сарапшысы Евгений Жовтиске қойып көрдік.

"ДЕМОКРАТИЯДА – КӨЗҚАРАСЫ БАР АДАМ, АВТОРИТАРИЗМДЕ – ДИССИДЕНТ"

Азаттық: Евгений Александрұлы, айтыңызшы, диссидент деген кім? Оның белсендіден немесе оппозиция қайраткерінен айырмашылығы қандай?

Евгений Жовтис
Евгений Жовтис

Жовтис: Әдетте диссиденттер өзгерістерді немесе өз көзқарастары мен ұстанымдарын білдіруді күш қолданбай жүзеге асыратын адамдар ретінде қабылданады. Осы тұрғыдан олар революционерлерден түбегейлі ерекшеленеді. Яғни олар билікке зорлық арқылы келуді, төңкеріс жасауды немесе бірдеңені күшпен өзгертуге ұмтылатын адамдар емес.

Демократиялық елдерде немесе демократиялық саяси жүйе орнаған елдерде бұл – қоғамның қалыпты күйі. Онда түрлі көзқарастағы адамдар бар. Идеология үстемдік құратын, билікке монополия орнаған диктатор, авторитар елдерде көзқарасы ерекшеленетіндерді диссидент немесе өзгеше ойлайтындар деп қарастырады.

Демократиялық мемлекеттерде өзгеше ойлайтындар саяси оппозиция деп аталады да, олар саяси жүйенің бір бөлігі ретінде өмір сүреді. Еркін, әділ сайлау арқылы билікке келе алады, саяси көзқарастары мен ұстанымдарын іске асыра алады. Ал авторитар елдерде, әсіресе қатаң авторитар елдерде жүйелі оппозицияның болуы мүмкін емес. Бізде саяси оппозиция деген жоқ, бізде тек диссиденттер бар. Яғни бізде бар болғаны саяси оппозиция, азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар және тәуелсіз журналистер кіретін ортақ кеңістік қана бар. Бізде мұның бәрі диссидент, өйткені саяси жүйе оларды адал емес топ деп көреді, оларға жау деп қарайды. Яғни бұл өзгеше ойлайтындардың табиғи атауы. Бірақ іс жүзінде өзгеше ойлағанда тұрған ештеңе жоқ. Диссиденттер саяси көзқарасты, ұстанымды заңды, жүйелі жолмен жүзеге асыру мүмкін болмайтын ортада қалыптасады. Яғни сіз билік саясатына келіспеуші ретінде өз көзқарасыңызды парламент арқылы да, саяси партия арқылы да жүзеге асыра алмайсыз. Құқық қорғаушылар билікке таласпайды, бірақ осы айтылған себептермен олар да диссидентке жатады. Олар билікке таласпаса да, қоғамдық-саяси спектрде оппозициямен және тәуелсіз кәсіподақтармен бір жақта. Олар қоршаған ортаға өзгеше қарайды, өмір туралы көзқарасы басқа. Бірақ оны жүзеге асыра алмайды, өйткені шешім қабылдауға әсер ету жүйесі жоқ немесе ол қатты шектелген.

Азаттық: Совет және Батыс әдебиетін салыстырсақ, Батыста "диссидент" ұғымы советтік түсінікке қарағанда кең ауқымда қолданылатын сияқты. Ол жақта үстемдік құрған саясатпен келіспейтіндердің бәрін диссидентке жатқызады, ал советтік және постсоветтік тәжірибеде бұл ұғымның нақты шекарасы бар. Сіз осындай айырмашылық барына келісесіз бе?

Жовтис: Дұрыс айтасыз. Ол жақта оны қолданбайды да. Өйткені онда бұл – қалыпты жағдай. Бұл барлығы бірдей ойлайтын бірыңғай кеңістік емес. Түрлі көзқарас бар, тіпті ол көзқарас экстремалды болуы мүмкін, бастысы зорлық-зомбылықсыз болуы қажет. Осы көзқарастар бәсекеге түсіп, кейде үстемдік құрып, саясатта жүзеге аса бастайды. Мен мысалы демократиялық көзқарастағы адаммын және мен билікке таласпаймын, бірақ демократиялық көзқарастың орныққанын қалаймын. Мен осы көзқарасымды бөлісетіндерді қолдағым келеді, бірақ бізде ол мүмкін емес. Ал демократиялық елдерде бұл термин өзекті емес. Бүгін билікте біреу отырса, ертең басқасы келіп, алдыңғысы оппозицияға айналады. Оларды ешкім диссидент деп атамайды, өйткені дұрыс қоғамда түрлі көзқарасқа орын бар және осы түрлі көзқарас қандай да бір қолдауға ие болады.

БҮГІНГІ ҚАЗАҚСТАНДА ДИССИДЕНТ БАР МА?

Азаттық: Тарихшылардың айтуынша, Совет одағында диссиденттер қозғалысы Хрущев кезіндегі жылымықтан кейін басталған, ал Сталин кезінде келіспейтіндерді қудалады, тіпті ату жазасына кесті. Ал демократиялық емес болса да, белгілі бір ашықтыққа жол беретін гибрид қоғамдарда диссиденттер болуы мүмкін бе? Мұндай елдер үшін бұл ұғымды қолдануға бола ма?

Жовтис: Бұл жерде бір нәрсені нақтылаған жөн. Жылымықтан кейін көрінетін диссиденттік пайда болды. Жасырын түрде ол әрдайым болды. Жасырын диссидент болмайтын қоғам жоқ. Олар тек домалақ арыздардан үрейленіп, өз ойын көрінген жерде айта бермейді. Оңаша жерде, тыңдалмайтын ортада болмаса.

Диссиденттіктің ашықтығы саяси режимнің қатыгездік деңгейіне байланысты. Сіз айтқан гибрид жүйелерде билік өзін бәрін бақылауда ұстап отырмыз дегенге сеніп, рұқсат етілген, бақылауда болатын диссиденттікке мүмкіндік береді. Ондай қоғамда адамдар өз ойын салыстырмалы түрде ашық білдіреді. Бірақ уақыт өте бұл өзін өзі цензуралауға әкеледі. Адамдар абайлап сөйлеуге тырысады, себебі қай жерден опық жеп қалатыныңды білмейсің.

Жақында берген үлкен сұхбатымда rule of law және rule by law деген тұжырымдар туралы айттым. Яғни заң үстемдігі деген бар және заң арқылы басқару деген бар. Авторитар жүйелерде заң үстемдігінің орнына заңмен басқару кең тараған. Олар біздегі 174-бапты азаматтық белсенділерге қарсы қолданғандай заңды азаматтық белсенділік кеңістігін басқару үшін пайдаланады.

Диссиденттікті бақылау үшін "иә, сен келіспейсің, бірақ сен келіспейтініңді жұртқа айта берме" дейді. "Егер айтатын болсаң, белгілі бір межеге дейін көз жұмамыз, бірақ жұртты жұмылдыру әлеуетің байқалса, айналаңа адамдар топтала бастаса, тоқтатамыз" дейді. Мұның жарқын мысалы Думан Мұхаммедкәрім мен Марат Жыланбаев. Бұл адамдар көзқарасы үшін отырғаны анық. Ешқандай қылмыс жасамаған.

Азаттық: Яғни сіздіңше, Думан Мұхаммедкәрім мен Марат Жыланбаевты диссидент деп санауға болады?

Жовтис: Толықтай. Оған ешқандай күмән жоқ.

Азаттық: Советтік Қазақстанның диссиденті деп кімді атар едіңіз?

Жовтис: Көп қой. Жасарал Қуанышалин, Хасен Қожахмет, желтоқсаншылар, Кәрішал Асанов, Арон Атабек. Алмас Естеков есіме түсіп отыр. "Азат" қозғалысының бір кезеңінде Советқазы Ақатаев болды. Қандай да бір пікірін айтамын деп сол үшін жапа шеккен бір топ адам бар. Олардың қатарына менің әкемді де жатқызуға болады. Өйткені ол қазақ ақындары жайлы, Совет одағы мен Коммунистік партия жайлы өзгеше ойлары үшін диссиденттікке анық жатты.

Азаттық: Батыс елдері Ресейдегі диссиденттерге көбірек назар аударды, өйткені Мәскеуде елшіліктер, ақпарат алмасу каналдары болды деген пікір бар. Осының арқасында Батыста Совет одағындағы диссиденттер тізімі жасалып, сол тізімге кіргендердің жазасы жеңілдеу болғаны айтылады. Яғни, Совет одағы тоталитар мемлекет болса да, халықаралық институттармен санасқан. Ал одақ құрамындағы өзге елдерге Батыс назары азырақ түсіп, ондағы диссиденттердің тағдыры ауырлау болған. Бұл шындыққа жанаса ма?

Жовтис: Батыс тізімінен бөлек үлкен жұмысты диссиденттердің өзі атқарды. 1970-жылдардың басында диссиденттер елден ақпарат жинап, жасырын түрде "Қазіргі оқиғалар хроникасы" дейтін [бюллетень] шығарды. Сонда басылым авторлары диссидент деп тапқан жүздеген адам тіркелетін. Одан бөлек Батыс елдерінде үлкен диаспоралар болды. Эмиграция кеткендер, қашқандар делік. Совет одағы құрылуының басында, тура революциядан кейін немесе оған дейін кеткендер Франция, АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдерде қалып қойды. Олар да диссиденттер туралы ақпарат жариялауда маңызды рөл атқарды. Әңгіме "Континент", "Посев" сияқты журналдар туралы. Оларды буржуазиялық контрреволюцияшыл басылымдар деп атады. Дей тұрғанмен, бұл басылымдар осы ақпаратты жариялап тұрды.

Иә, дұрыс айтасыз, Мәскеудегі дипломатиялық қызметтердің әсері де болды. Өйткені дипломаттар диссидент деген адамдармен кездесіп тұратын. Сөйтіп ақпарат тарап жатты. Бұл тұрғыда ұлттық республикаларға қарағанда көбірек көңіл бөлінгені рас.

Билік саясатымен келіспеу қалыпты саналатын Батыс елдері үшін Совет одағының диссиденттерді қудалауы оның авторитар немесе тоталитар мемлекет екенін көрсетті. Совет одағы тоталитар ел болды ғой.

Дұрыс байқағансыз, Совет одағы айналсоқтап тұратын. Кейде диссиденттерді шетелге айдап, кейде өзге адамдарға алмастырды. Владимир Буковскийді чилилік коммунист Луис Корваланға алмастырғаны – соның жарқын мысалы. Мұның бәрі үлкен саяси ойынның бір бөлігі болатын.

Ал Қазақстан сияқты ұлттық республикалардағы диссиденттер туралы ақпарат аз болды. Беларустар, украиндар, әзербайжандар мен армяндар туралы – Совет одағының батыс бөлігі туралы ақпарат сәл көбірек болды. Ал Орталық Азия жабықтау еді, сол себепті мұнда қорғалу мүмкіндігі аз еді.

СОВЕТ БИЛІГІ ДИССИДЕНТТЕРМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСТІ?

Азаттық: Диссиденттермен күрес амалдары туралы сұрағым келеді: Совет одағы өзгеше ойлайтындарды жаншуда, бақылауда ұстауда қандай әдістер қолданды? "Анти-советтік үгіт-насихат" үшін деп соттады, жындыханаға жапты, айдауға салды. Тағы қандай айлаларды атап өтер едіңіз?

Жовтис: Амалдар әртүрлі болатын. Бірақ жеңілінен ауырына қарай өтейік. КГБ, НКВД, МГБ деген секілді аббревиатурасы бар ұлттық қауіпсіздік қызметтері диссиденттерді қатаң бақылауда ұстап, аңдып жүрді. Одан кейін диссиденттердің өзіне, отбасы мүшелеріне, достарына және тағы басқаларға қысым көрсетті. Бұл тұрақты жұмыс болатын, яғни әрдайым қысым жасап тұрды. Айналадағы адамды алдап-арбап өзіне тартып, сол арқылы ақпарат алып тұруға тырысты. Өзім диссидент болмасам да, әкем арқылы білем. 1970-80 жылдары бұл қысымға өзіміз де душар болдық. Менің өзіме қарсы домалақ арыздар түсті.

Бұларды жеңілдеу әдіс делік. Енді ауырларына өтейін.

Мемлекетте бұқаралық ақпарат құралына толық монополия болды. Цензура орталықтанған еді. Осы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қаралау, стигмалау қатты жүрді. "Известия" сияқты газеттерде диссиденттерге қарсы мақалалар жазылды. Бұл да маңызды құрал болатын. Партия диссиденттікке партиялық газеттер арқылы ауыр мақалалармен жауап берді: оларды сатқындар, космополиттер деп түрлі сөзбен қаралады. "Казправда" газетіне әкеме қарсы мақала шыққаны есімде.

Одан кейін заңмен қудалауды атап өтуге болады. Ресей федеративтік социалистік республикасында атышулы 58-бап бар еді. Анти-советтік үгіт-насихат дейтін. Бұл баптың тармақтары көп болатын және оны диссиденттерге қарсы молынан қолданды. Сталиндік кезеңге қарағанда бұл істер ату жазасымен аяқтала бермейтін, бірақ совет режимін сынайтын сөз айтқаны үшін ұзақ мерзімге соттайтын.

Дұрыс байқағансыз, жазалау психиатриясы да кеңінен қолданылды. Медициналық мекемелерде мәжбүрлі түрде емдеді. Бұл туралы менің үлкен лекциям бар. Психиатриялық ГУЛАГ сағат сияқты жұмыс істеді. Елде осы мақсатқа арналған психикалық клиникалар көп болатын.

Мемлекеттік психикалық ауруханаларда диссиденттерді жабық режимде ұстады. Олардың тағдыры сол мекемеге тәуелді болатын. Қылмыстық баппен сотталғандардың нақты мерзімі болса, мұнда ондай мерзім болмайтын. Режимге жұмыс істейтін психиатр қалағанынша ұстай алатын.

Диссиденттерге көбіне "баяу дамитын шизофрения" диагнозын қоятын да, оларды қалағанынша ұстайтын. Бұған Валерия Новодворскаядан бастап генерал Петр Григоренкоға дейін көптеген диссидентті мысал етуге болады.

Яғни бұл диссиденттерді қудалауда түрлі құралды пайдалануға мүмкіндік беретін үлкен механизм болатын.

Азаттық: Сұхбат бергеніңізге рахмет.

СҰХБАТТАҒЫ СҰРАҚ-ЖАУАПҚА ҚОСЫМША

Евгений Жовтистің әкесі Александр Жовтис совет идеологиясына сын көзбен қарап, сол үшін қудаланған адам. Оны Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты жазушылардың шығармаларын аударғаны үшін "қазақ ұлтшылы" деп айыптап, университеттегі оқытушылық қызметінен шығарған.

Қазақстан баспасөз құралдарында диссидент деп тағы бір топ адамның аты аталады. Олардың қатарында "Желтоқсан" оқиғасына қатысқаны үшін сотталған оқытушы-ғалым Әркен Уақ, совет өкіметіне қарсы үнпарақ таратып, сол үшін жындыханаға жатқызылып, жастай қыршын кеткен Азамат Жәкібаев, 1960-жылдары "Елін сүйген ерлер партиясы" – ЕСЕП-ті құрған Кәмел Жүністегі бар. Қытайдағы қазақ жазушы Қажығұмар Шабданұлын да диссидентке жатқызатындар бар. Халықаралық Амнести ұйымы оны "ар-ұждан тұтыны" деп атаған.

Совет одағы кезінде диссиденттер туралы ең көп ақпарат таратқан баспасөз құралдарының бірі – Германияның Мюнхен қаласынан хабар таратқан Азаттық радиосы еді. Кейін түрлі жолмен шетелге кеткен советтік диссиденттің кейбірі осы Азаттықтың түрлі бөлімінде журналист болып жұмыс істеген. Солардың бірі Махмет Құлмағамбет еді.

1930 жылы Қостанай облысында туған Махмет Құлмағамбет Бішкекте марксистік-лениндік философиядан сабақ беріп, кейін Қазақ ғылым академиясында жұмыс істеп жүргенде "анти-советтік үгіт-насихат" үшін сот үкімімен жеті жыл қатаң тәртіптегі лагерьде жазасын өтеуге және одан кейін үш жылға жер аударылуға кесілді.

Мордовияда жазасын өтеген Махмет Құлмағамбет түрмеде диссидент Юлий Даниэльмен танысып, оның әйелі Лариса Богораз арқылы қазақ диссиденті жайлы ақпарат Мәскеудегі құқық қорғаушыларға жеткен. Кейін Махмет Құлмағамбет бостандыққа шығып, 1979 жылы оған Батысқа эмиграцияға кетуге көмектесті. Ал 1980 жылы ол Азаттық радиосының Қазақ қызметіне жұмысқа тұрды.

Мақалаға Азаттық тілшісі Мейірім Бақытжан үлес қосты.

XS
SM
MD
LG