Accessibility links

Министрлік: Қазақстан КҚК-ға шабуылдан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты


Қазақстан Каспий құбыр консорциумына (КҚК) шабуыл салдарынан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты. 11 желтоқсанда Астанада энергетика министрі Ерлан Ақкенженов журналистерге осылай деп мәлімдеді.

"[Каспий құбыр консорциумына щабуылдың өндіріске әсер еткені] сөзсіз. Қазіргі кезде шығын көлемі – 480 мың тонна" деді Ақкенженов. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.

Оның сөзінше, соған қарамастан мұнай өндіру жоспары орындалмақ.

Министрдің айтуынша, бұған дейін жөндеуде болған үшінші айлақ қондырғысы 15 желтоқсанға дейін іске қосылады. Ал дрон шабуылы салдарынан бұзылған айлақ қондырғысының жүзгіштігі қалпына келтіріліп жатыр, әзірге оның жарамдылығына қатысты шешім қабылданбаған.

"Тым қатты бүлінген, үш те екі жарым метрлік шұңқыр бар, өте үлкен" деді министр.

Ол сонымен бірге Қазақстан Каспий құбыр консорциумынан бас тартпайтынын, оған балама бағыт жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, биыл аталған құбыр арқылы 72 млн тонна мұнайды айдау жоспарда болған, алайда қазір бұл жоспар 68 млн-ға дейін төмендетілген.

Қараша соңында украиналық экипажсыз катерлер Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалына соққы жасағаннан кейін екінші айлақ құрылғысы істен шыққан. Осы құбыр арқылы мұнайының басым бөлігін халықаралық нарыққа шығаратын Қазақстан ізінше "мұнай тасымалдаудың балама бағыттарын" қарастырады деген.

Бұған дейін Reuters дереккөздерге сүйене отырып, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына шабуылдан кейін Қазақстан желтоқсанның басында мұнай мен газ конденсатын өндіруді қараша айындағы орташа көрсеткіштен 6%-ға яғни, тәулігіне 1,9 миллион баррельге дейін азайтты деп жазған.

Қазақстан желтоқсан айында Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы 60 мың тоннаға артық мұнай айдамақ. Алайда бұл бағыт бойынша жеткізу көлемі Ақтау портындағы жүкті ауыстырып тиеу мүмкіндігі мен мұнай сапасына қатысты қойылатын талаптарға орай шектеліп отыр. Өзге бағыттар бойынша да елдің мүмкіндігі шектеулі.

Қазақстан СІМ Новороссийскідегі КҚК инфрақұрылымына шабуылға байланысты бұған дейін Украинаға наразылық білдірді. Оған жауап берген Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты басқыншының әрекетін тежеу екенін айтқан.

КҚК – Қазақстан мен Ресей және әлемдегі жетекші мұнай өндіруші компаниялар қатысатын аса ірі халықаралық жоба. Құбырдың ұзындығы 1,5 мың шақырым. КҚК негізінен Батыс Қазақстан мұнайы мен Ресей мұнайын тасымалдайды. Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына — Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясына тиесілі.

XS
SM
MD
LG