10 желтоқсанда Қырғызстанның Конституциялық соты президент Садыр Жапаровтың балаларды зорлау және өлтіру қылмысын жасағандарды өлім жазасына кесуді қалпына келтіруді қарастыратын заң жобасына тұжырым жасау туралы өтінішін қарастырды. Бұл туралы Конституциялық соттың сайтында жарияланған баспасөз хабарламасында айтылады.
Құжатты қарап шыққаннан кейін сот бастама Конституцияның негізгі қағидаттарына және елдің халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін және сондықтан референдумға ұсынылмайтынын мәлімдеді.
Сот өмір сүру құқығы мен өлім жазасына тыйым салу конституциялық құрылымның негізгі элементтері екенін және оларды өзгерту мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл нормалар құндылықтарға негізделген және Қырғызстанның құқықтық мемлекеттің гуманистік моделін таңдағандығын айғақтайды деді сот.
Бұған қоса, баспасөз хабарламасында Қырғызстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасының қатысушысы екені және құжат өлім жазасын толық жоюды қарастыратынын және оны алып тастауға мүмкіндік бермейтіні жазылған.
Осы жылдың қазан айында президент Садыр Жапаров Қырғызстанда балалар мен әйелдерге қарсы аса ауыр қылмыс жасағандарға өлім жазасын қалпына келтіруді ұсынды. Бұл бастамаға 27 қыркүйекте Ыстықкөл облысында ұрланып, зорланған 17 жасар Айсұлу Мұқашеваның өлімі себеп болды. Бұл қайғылы оқиға қоғамда резонанс туғызды.
Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары да президент Садыр Жапаровтың бұл бастамасын айыптады. Бірлескен мәлімдемеде құқық қорғау ұйымдары мұндай қадам қадам Қырғызстан Конституциясы және елдің халықаралық міндеттемелерін бұзатынын және зорлық-зомбылықтың азаюына әкелмейтінін айтқан.
Қырғызстан омбудсмені Жәмилә Жаманбаева да өлім жазасын қалпына келтіруге қатысты өз пікірін айтып, өлім жазасын қайта енгізу әйелдер мен балаларға қарсы қылмысмәселесін шешпейді деді. БҰҰ жүйесінің өкілдері омбудсменнің ұстанымын қолдайтынын мәлімдеді.