Ресей өкіметі қаржыландыратын қор Украинадағы делдал ұйымдар мен сайттарға ақша бөліп, Кремль пропагандасымен үндес ақпарат жинап, Киевтің Мәскеуге қарсы қорғанысын әлсірету бағытында жұмыс істеген. Мұны Азаттық радиосы Украин қызметтің "Схемы" зерттеу тобы анықтады.
Зерттеушілер бұл қорытындыға келерде ондаған мың электронды пошта хаттары мен құжаттарға сүйенген. Бұл құжаттарды "Дания бұқаралық телеарнасы" қолға түсіріп, телеарна оны "Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығына" (OCCRP), "Схемы" зерттеу тобына және өзге басылымдарға бөліскен.
Құжаттарға қарағанда, "кураторлар" дейтін аралық топтар "Шетелде тұратын отандастарды құқықтарын қорғау және қолдау" деп аталатын "Правфонд" ұйымына есеп беріп отырған.
ЛАВРОВТЫҢ КИЕВТЕГІ ІЗІ
"Правфонд" қорын Ресей сыртқы істер министрлігі мен "Россотрудничество" ұйымы құрған. "Россотрудничество" – Ресейдің әлем бойынша "гуманитарлық ықпалын күшейтуді көздейтін" мемлекеттік мекеме.
Ал "Правфонд" қорының мақсаты – шетелде тұратын ресейліктердің "құқығы, еркіндігі және легитимді мүдделері" бұзылғанда, оларға құқықтық және өзге де қолдау көрсету.
Алайда OCCRP ұйымының кеңейтілген зерттеуіне қарағанда, "Правфонд" барлау мекемелерінің қызметкерлерімен жұмыс істеп, Ресей пропагандасын қаржыландырады және Кремльдің ықпал ету каналдарын нығайтады.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Солтүстік Кореяда. 12 шілде 2025 жыл.
"Схемы" тобы танысқан келісім бойынша, Ресей сыртқы істер министрлігі "Правфондты" бірнеше жыл бойы қаржыландыруы керек болған. Ал қордың қамқоршылар кеңесінің төрағасы – Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
"УКРАИНАЛЫҚ БАҒЫТ"
"Схемы" тобы зерттеген құжаттардың бірінің тармағы "Украиналық бағыт" деп аталады. Онда қордың Украинадағы жұмысы сипатталып, бұл жұмысты Мәскеуден кемі екі координатор қадағалайтыны жазылған. Ол екі координатордың бірі – украин азаматы Евгений Бакланов. Ресей Украинаға басып кірген 2022 жылы Украина Баклановқа мемлекетке сатқындық жасады деп іздеу салған.
"Правфондтың" Украина жөніндегі кураторының есебіне қарағанда, "Құқықтық кеңес орталығы" дейтін ұйымның заңгерлері Киевтегі кеңсесінде украин азаматтарын қабылдап, осы арада орталық Ресей билігіне "Украина қарулы күштерінің соғыс қылмыстары" және "орыстілді халықтың құқығын бұзу" жөнінде есептер әзірлеген. Мұндағы орыстілді халық дегені – негізінен Украина азаматтары.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Беларусьтегі мемлекеттік нысан аумағындағы "фильтрация лагерінде" украиндерді азаптағанУкраина мен халықаралық ұйымдар Ресей мен оның әскерінің Украинадағы соғыс қылмыстары жайлы дәйектерді молынан жинап жатыр. Ал 2023 жылы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Бұл ордерге Украинаның оккупацияланған аумақтарынан балаларды заңсыз депортациялап, Ресейге алып кеткені түрткі болған.
"Правфондқа" арналған есептердің дерегі аз, оны кім әзірлегені анық емес. "Схемы" зерттеу тобы есепте аты аталған бірнеше заңгерге хабарласып көрді, олардың бәрі "Правфондқа" жұмыс істемейтінін айтты.
МӘСКЕУ АҚШАСЫ
Құжаттар бойынша, "Құқықтық кеңес орталығы" Киевте 2015 жылы жұмыс істей бастаған. Содан бір жыл бұрын Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап, Донбасс өңірінде соғыс бастаған. Бұл орталық қазір жұмыс істей ме, жоқ па – белгісіз.
Мәскеуге жолданған 2022 жылғы қызмет туралы есепте Бакланов орталық жыл бойында 309 құқықтық кеңес бергенін айтқан. Кеңестер "шекарадан өту ережелері" және "мобилизациядан босау" секілді тақырыптарды қамтыған. Яғни орталықтың украиналықтарға берген кеңестері Киевтің Ресей агрессиясына қарсы қорғанысын әлсіретуге бағытталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресейді жеңу – Ресейге жасаған ең үлкен сыйымыз болар еді". Тарихшы Тимоти Снайдермен сұхбатХалық саны едәуір үлкен Ресейден қорғанған Украина әскер қатарын толықтыруда қиындыққа тап болып отыр. Дезертирлік, әскер жасындағы азаматтарды мобилизациялаудағы кедергілер, 23-60 жастағы ер азаматтардың шетелге қашуы (бұл топтағы азаматтарға шетелге кетуге тыйым салынған) – осының бәрі Украина қорғанысын әлсіретіп отыр.
Сондай-ақ, "Схемы" тобының анықтауынша, кураторлар "Правфондтан" заңгерлер мен сайттар желісіне бірталай мәрте ақша сұраған. 2025 жылғы бір өтінімде Бакланов "Украинадағы отандастарға құқықтық көмек үшін" 3 млн рубльден астам (39 мың доллар) сома сұраған.
"Схемы" тобына берілген құжаттар мен Баклановтың Ресей банкіндегі шотынан алынған анықтамаға қарағанда, кейінгі екі жыл ішінде Бакланов "Правфондтан" кемі бір мәрте қаражат алған. Бұл ақша украин заңгерлеріне берілген-берілмегені белгісіз.
САТҚЫНДЫҚ АЙЫБЫ
Құжаттар бойынша, "Құқықтық кеңес орталығына" қатысы жоқ украин адвокаты Светлана Новицкая "Правфондқа" тікелей жүгініп, сатқындық жасады деп айыпталған "Татьяна Кузьмичті қолдау үшін" грант сұраған.
Украина қауіпсіздік қызметі Кузьмичті Украинаның Херсон облысында ресейлік ФСБ басқаратын агентуралық желіге жетекшілік етті деп айыптаған.
"Схемы" тобы Новицкая "Правфондтан" ақша алған-алмағанын анықтай алмады. Зерттеушілер оған хабарласқанда, ол қордан ақша алмағанын, мұны "бірінші рет естіп тұрғанын" айтты. Новицкаяның өзі де мемлекетке сатқындық жасау туралы өзге іс аясында ұсталған.
"ДЕНАЦИФИКАЦИЯНЫ" НАСИХАТТАЙТЫН САЙТТАР
"Правфонд" құжаттарында "Құқықтық кеңес орталығы" мен Кузьмич ісінен бөлек Украинада қызмет ететін төрт сайт аталады. Олардың бірі – "Правцентр". Ресей сыртқы істер министрлігінің есебінде мұндай сайттардың мақсаты – Украинаны "денацификациялау" деп жазылған.
"Денацификация" талабы Путиннің мәлімдемелерінен туған. Ресей президенті Украинаны "нацистер" басқарып отыр деген негізсіз уәжін жиі айтады. Оның бұл сөзі Украина президенті Владимир Зеленскийді биліктен кетіріп, оны ресейшіл тұлғамен алмастыру талпынысы деп қабылданады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Донбасстан бас тартып, әскерді азайту". АҚШ пен Ресейдің соғысты аяқтау жоспары жайлы не белгілі?"Правфондқа" арналған есептердің бірінде куратор Максим Зеленский "Правцентрдің" бір мақаласын атап өткен. Куратордың сөзінше, Польша басылымы шығарған мақаланың аудармасы деген материалда Польшадағы украин босқындары "Украинаны денацификациялау қажеті жайлы" мәлімдегені, украин үкіметін "нео-фашистік" деп атағаны, украин миграциясы Еуропа Одағында тұрақсыздыққа әкеледі дегені жазылған.
Еуроодақ "Правфонд" пен оның басшылығына Украинаға қарсы әрекеттері үшін санкция жариялаған. Бірақ қазіргі уақытта қор Украинаның санкция тізімінде жоқ. Киев бұл ұйымды 2021 жылы үш жылға санкциялаған. Бұл мерзім 2024 жылы аяқталып, оны күші жаңартылмады.